АЛМАТЫ, 8 шілде – Sputnik. Байкал–Амур темір жол магистралін салуға атсалысқан сол кездегі комсомол жастарының айтары көп. Ресейдің Забайкальск өлкесіндегі Новая Чара ауылында қызыл сызық орнатып, алғашқы қадасын қаққан геодезист Любовь Чубарова Sputnik Қазақстан тілшісіне өз естелігін бөлісті.
Любовь Чубарова
© Sputnik / Айдана Дайырова
"1982 жылы күйеуімді Новая Чараға ауыстырып, біз сол жерге көшіп келдік. Күйеуім Владимир де, мен де геодезист болып жұмыс істедік. "Қазақбамстрой" құрылыс жасағына сол 1982 жылы тамызда келіп қосылдық. Мен геодезист болып жұмыс істедім. Ол жерде дайын ұжым қалыптасыпты. Олар Новая Чара кентін тұрғызып жатыр екен. Мен дайын ұжымға келіп қосылдым. Олар уақытша ауыл тұрғызып қойыпты. Ары қарай тұрақты үлкен ауыл тұрғызуға кірісіп жатыр екен", - деп еске алды Любовь Сергеевна.
Ең алғашқы мектеп 1 176 оқушыға арналған
"Біз келгенде ауылда қызыл жолақтың алғашқы қадаларын қададық. Ең бірінші болып салынған әлеуметтік нысан 1 176 оқушыға арналған мектеп болды. Сосын тұрғын үйлер, сауда үйлері, вокзал тұрғыздық", - дейді ардагер-геодезист.
Любовь Чубарованың отбасы Новая Чараға келгенде қызы небәрі 2 жаста ғана болған.
"Өте ауыр болды деп өтірік айта алмаймын. Бәрі жақсы болды. Әрине аяз қатты болды. Ол жақтың қысы да қызық. Жаңа жылға дейін қар жоқ, бірақ 46-50 тіпті, 58 градус аяз болатын. Шаң үрлеп тұратын. Міне сондай жағдайда жұмыс істедік. Ал демалыс күндері туған күн, мерекелер ұйымдастыратынбыз. Үнемі би кештері өтіп тұратын", - дейді ол.
Отызға жаңа қадам басқан жастар балаларын бір кісіге қаратып қойып, би мен өнер кештерінен қалмайтын едік, дейді Любовь Чубарова.
Любовь Чубарова
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Біз ол кезде 30 жасқа да толмаған едік. Жаңа кино келсе міндетті түрде қалмай баратынбыз. "Комсомольская правда" деген пойыз келіп тұратын, ол пойызбен әртістер келіп өнер көрсететін. Біз талмай еңбек еттік, көңілімізді де көтеріп үлгеретінбіз. Бәріне үлгеретін едік. Ал жұма күні "таза жұма" ұйымдастырылатын. Бәріміз сенбілікке шығып, айналаны тазартатынбыз. Ауылымыз тап-таза болатын", - дейді Любовь Чубарова.
Жас кезімді қайтарып берсе, БАМ-ға кетер едім...
Қарт геодезист "егер жас кезіме қайта оралатын болсам, дәл сол кездегідей Байкал – Амур магистралінде еңбек етуге аттанушы едім" дейді.
"Біз тұрған вагон электр тогымен жылынатын. Әрине ондай қиындықтар болды. Ал менің құрбым күйеуімен жарты вагонда тұрды. Вагонның ішінде су толы бак қойылған. Оған кипятильник салып қыздыратын. Аядай бөлменің іші монша сияқты пар болып жататын. Одан бұрын олар солдаттардың шатырында тұрды. Шатырды ағаш кірпіштермен қаптап қойған. Көршілермен дауыстап сөйлесе беретін. Ондай қызықтар көп болды. Бірақ соның ешқайсына қарамай бәріміз адал еңбек еттік", - дейді Любовь Сергеевна.
Жас отбасының БАМ-ға аттанғандағы алғашқы мақсаты – баспана алу болған. Бірақ ол жердегі ауыр, бірақ қызықты өмір жастарды баурап алған.
"Қазіргі жастармен ол кездегі жастарды салыстыруға келмейді. Бізде нақты мақсат болды. Негізі алғашқы мақсатымыз баспана алу еді. Бір шеті сондай қызықты болып көрінді. Расымен барғанымызға еш өкінбейміз. Біз үшін ең жарқын уақыт БАМ құрылысы. Өмірлік достар таптық. Әлі күнге сөйлесіп, араласып тұрамыз. Өкінішке орай бәрімізді тағдыр әр жаққа таратып жіберді", - дейді ол.
Любовь Чубарова Новая Чарада 10 жыл тұрған, кейіннен Қазақстанның Орал қаласына келіп қоныстанған. Соңғы он жылдан бері Любовь Чубарова Ресейдің Свердловск облысы Дегтярск қаласында тұрады.