БАМ құрылысына қатысқан қазақстандық: өмірімдегі қызықты әрі бақытты күндер

Байкал-Амур магистралінің құрылысы кезінде 60-тан астам жаңа елді мекеннің негізі қаланды. Соның бірі Жаңа Чараны қазақстандықтар салды
Sputnik
АЛМАТЫ, 8 шілде – Sputnik. Тарихи Байкал–Амур темір жолының құрылысы кезінде мыңдаған адам тер төкті. Солардың бірі – Павлодар өңірінің тумасы, қазіргі күні Германия тұрғындары Владимир және Эмма Бормандардың отбасы. Sputnik Қазақстан тілшісі қарт құрылысшылармен тілдесіп, тарихқа көз жүгіртті.
Владимир Борман Сібір даласына алғашқы құрылыс жасағымен аттанған құрылысшылардың бірі, ол - кран жүргізушісі.
"1981 жылы қараша айында Павлодардағы құрылыс мекемесінде "Жаңа Чара" құрылыс монтаж вагондары құрылды. Мен құрылыс жасағымен бірге алыс Сібірге аттанғым келді. Сөйтіп автокран жүргізушісі болып, жұмысқа орналастым. Маған берілген тапсырма – Ресейдің Камышин қаласына барып, автокран әкелуім керек болды. Ол жерде автокран жасайтын еді. Желтоқсан айына дейін автокранды Павлодарға алып келіп, жүк вагонына тиеп, Жаңа Чара қаласына аттануымыз керек", - деп еске алды Владимир Борман.
Владимир Борман - арадагер құрылысшы
1981 жылы желтоқсанда Павлодар қаласынан алғашқы жолаушы және жүк вагондары тарихи магистральдің бойында станция салуға аттанады.
"Тында қаласына жеткенше барлық жұмысшы бір-бірімізбен танысып, етене араласып кеттік. Тындаға жеткенде түсіп қалдық. Ал құрылыс жабдықтары мен кейбір техникалар ары қарай жүрді. Мен автокранмен жүріп отырдым. Ол жақтың табиғатының сұлулығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ қиналдық, өйткені жол жоқ, бәрін қамыс басып жатыр. Сөйтіп біздің колонна 90-100 шақырым жердегі Жаңа Чараға бір тәулік жүріп әрең жеттік. Аяздың қаттылығы соншалық техникамызды әрең жеткіздік", - дейді қарт құрылысшы.
Жаңа Чараға келгенде қазақстандықтарға арналған 8 вагон-үй тұрған.
"Біз Чараға келгенде адамдар тұратын 8 вагон дайындап қойыпты. Әр вагонда 8 адамнан тұрдық. Тамағымыз аяздан мұз боп қатып қалатын, кеміріп-кеміріп жеп алатынбыз. Кейін келе бұл қиындыққа да үйрендік. Сол мұз күйінде тамақты талғамай жей беретін болдық. Бәріміз күш-қуатымыз тасып тұрған жаспыз, сол себепті де қиындықты байқамадық", - дейді автокран жүргізушісі.
Қазақстандық құрылысшылар ең алғаш үлкен етіп монша тұрғызған. Сосын елсіз жерде Жаңа Чараның құрылыс алаңдарын жасаған. Қыста қалың қамыс, жазда саз-балшық болып жататын жерде бұндай ауқымды жұмысты атқару оңайға соқпаған.
"Ешбір жағдай жасалмады, техникаларымыз тәулік бой өшірілмейтін. Өйткені түнде өшіріп қойып, күндіз техникаларды қайта оталдырғанға еш мүмкіндік жоқ еді. Күндіз-түні кезекшілікпен жұмыс істедік. Көктемде көк шыға бастағанда көңіліміз де көтеріле бастады. Өйткені аяз денемізді сондай қарып кеткен еді. Ол жақтың табиғатына қарап-ақ қуанышымыз қойнымызға сыймай жүретін. Ең қуаныштысы сол жеміс-жидек, саңырауқұлақ деген көп еді. Бірақ маусым айының өзінде ол жақта қар жататын", - дейді Владимир Борман.
БАМ құрылысы
Ол Жаңа Чараға 1981 жылы келген, бір жылдан соң әйелі Эмма Ивановна да осында келіп, жас отбасы сол күйі тұрақтап қалады.
"Біз жаңа Чарада 1992 жылға дейін тұрдық. Ең алғаш вагонда тұрдық, сосын барақ үйлерден баспана берді. Бізге теміржолшыларға арналған тұрақты станция салуды тапсырды. Үлкен мектеп, аурухана, көптеген әлеуметтік құрылыс нысандарын, вокзал мен тұрғын үйлер тұрғыздық. Біз ол жаққа үлкен мақсатпен бардық, ол мақсатымыз орындалды. Ол күндер менің өмірімдегі ең маңызды, қызықты, әрі бақытты күндер", - дейді ардагер құрылысшы.
Жаңа Чараны салған қазақстандық құрылысшылар күні бүгінге дейін араласады. Кейбірі бақилық болып өмірден озған. Кейбірі алыс шетелдерде өмір сүріп жатыр. Бірақ әлі күнге жұптары жазылған емес.
"Мені 85 жылы үшінші дәрежелі "Еңбек орденімен" және 1990 жылы екінші дәрежелі "Еңбек орденімен" марапаттады. Байкал – Амур құрылысы үшін медалімен марапаттады. Менің жұбайым да сол жерде еңбек етті. Біз әлі күнге сол бір тарихи жолда еңбек еткеніміз үшін мақтанамыз", - деп аяқтады сөзін ардагер құрылысшы Владимир Борман.
БАМ: Қазақстаннан алғаш барған құрылысшы жолдың салыну тарихынан сыр шертті