БАМ: Қазақстаннан алғаш барған құрылысшы жолдың салыну тарихынан сыр шертті

Sputnik
АЛМАТЫ, 8 шілде – Sputnik. Атақты Байкал-Амур (БАМ) магистралі - әлемдегі ең ірі теміржол магистральдарының бірі. Тарихи темір жолдың бойындағы Новая Чара станциясын салуға ең бірінші болып Павлодар құрылысшылары аттанды. Солардың бірі, әрі құрылысшылардың ішінідегі жалғыз қазақ – Еғлам Мансұрұлы Төленді.
Sputnik Қазақстан тілшісі қарт құрылысшымен тілдесіп, жарты ғасыр бұрын салынған құрылыстың тарихымен танысты.

Байкал-Амур магистралінің тарихы

Байкал-Амур магистарлінің ұзындығы 4324 км, Шығыс Сібір мен Ресейдің қиыр шығысы арқылы өтеді. Магистральдың көп бөлігі мәңгі мұз аймағында салынған. БАМ он бір өзенді кесіп, 7 ірі тау жоталары арқылы өтеді. 1932 жылы Бамның құрылысына ГУЛАГ тұтқындарының күші жұмсалып, Бамлаг салынды, бұл легарьлер кейінірек алты түзеу, яғни еңбек лагері болып қайта құрылды. Соғыс басталғаннан кейін, 1942 жылы қаңтарда елде металл тапшылығына байланысты Бам-Тында учаскесіндегі төселген жолдардың бір бөлігі бөлшектеліп, қорғаныс қажеттіліктеріне Еділ рокадасының құрылысына жіберілді.
Магистраль құрылысының негізгі кезеңдері 1974-1984 жылдар. 1974 жылы жұмыс қайта басталып, магистарль құрылысына комсомол жастар тартылды. БАМ - КСРО тарихындағы ең қымбат инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Бұл теміржол салынған аймақтардың табиғи байлығын игеруге көмектесуі керек еді, бірақ әртүрлі себептермен жобаланған өнеркәсіптік кешендердің көп бөлігі теміржолдан алыс салынған, дегенмен көптеген елді мекендер бой көтерді. Байкал-Амур магистралі көптеген тарихи өнер туындыларына: әндер, кітаптар, ескерткіштер, фильмдер және шығармашылық туындыларға арқау болған.

"Қазақ жасағында қазақ ұлты болмаса ұят"

Байкал-Амур магистралінің бойынан салынған Новая Чара стнациясының құрылысын салуға алғашқылардың бірі болып Павлодар құрылысшылары аттанды. Солардың бірі - Еғлам Мансұрұлы Төленді.
БАМ құрылысы кезінен естеліктер
"1981 жылы "Павлодар промқұрылыста" прораб болып жұмыс істеп жүрген едім. Біздің бастық шақырып алып БАМ-ға құрылыс жасағын жібергелі жатырмыз, барасыз ба деді, мен келістім. Ол кезде менің жасым 27-де еді. Біздің мекемеде қазақ ұлты өте аз еді, небәрі 3-4 адам. Содан басшылық "Қазақстаннан барғалы жатып, бір де бір қазақ болмаса ұят" деп шешкен. Сөйтіп алғашқы құрылыс жасағында, алғашқы қазақ болып Байкал-Амур магистарліне өз үлесімді қосуға мен де аттандым", - дейді Еғлам Төленді.

Тарихи құрылысқа Павлодардан ең алғашқы 87 вагон аттанды...

Құрылысшылар қабат-қабат қыстық киімдерін түгендеп, барлық керек-жарақтарын жинап, бір айдай жолға дайындалған.
БАМ құрылысы кезінен естелік
"1981 жылы 9 желтоқсанда Павлодар вокзалында митинг болып, бізді аттандырды. Павлодардан ең алғашқы құрылыс жасағы болып 87 вагон жолға шықты. Оның 3 вагонында адамдар болды. Инженер, портком, сметчик, кадр бөлімінің басшысы, тіс дәрігері, әр түрлі маман бар еді. 87 вагонның қалған 84-і техника болды. 13 желтоқсанда Усть-Нюкжа станциясынан түсіп, ары қарай автобусқа отырып Чара деген жерге аттандық. Ол жерде ешбір құрылыс нысаны болмаған, түк жоқ. Тек құрылысшылар тұратын вагондар бар", - дейді Еғлам Мансұрлұлы.

"Кірпігімізге қатқан мұзды қолымызбен үгітетін едік"

Құрылысшылар қақаған аязда Чара деген аты бар, бірақ заты жоқ станцияға келген.
"Біз тұратын вагондар өте ескі еді, вагонның ішінде буржуйка пеші қойылған. Бір вагонда 8 адамнан тұрдық. Күн 52-54 градус аяз. Біраз қиындық болды. Екі аптадай көктем, бір ай жаз, екі апта күз болады, қалған уақытта қақаған қыс. Вагон өте ескі болғандықтан саңылауларынан аяз үрлеп тұратын. Жұмыстан келіп шама жоқ ұйықтап қаламыз, таңертең тұрғанда шашымыз мұз болып жастыққа жабысып қалатын, кірпігімізге қатқан мұздан көзімізді аша алмайтынбыз. Басында шошып кеттім, кейін үйреніп кеттік. Мұзды саусағымызбен үгітіп-үгітіп көзімізді ашатынбыз", - дейді Еғлам аға.

Қазақстандықтар ең алғаш монша салған

Қазақстаннан барған алғашқы құрылыс жасаға ә дегеннен бірден монша салған. Сапасы жақсы нысан тіпті газет беттеріне шыққан.
"Ең бірінші бара салғанда біздің бригада 15-20 адамға арналған монша салды. Бәріміз кәсіби құрылысшы болғандықтан моншамыз өте жақсы салынды. Тіпті Қазақстаннан келген Қазақбамстрой брикадасының моншасы өте керемет деп газетке шықты", - дейді құрылысшы аға.
Таң сібірлей атып, күн ұясына қонғанша бел жазбай еңбек еткен құрылысшылар біртіндеп Чара станциясының іргесін қалай бастаған.
БАМ құрылысы кезінен естеліктер

"Экскаватор іске жарамай қалды..."

Қазақстаннан апарылған экскаватор техникасы Сібір даласында кәдеге жарамай қалған.
"Біздің техникалардың ішінде экскаватор болды. Бірақ оны босқа апарған екенбіз. Өйткені Сібірде жерді қазбайды екен, өйткені жердің беті мәңгілік қатып жатыр. Біз бұл жақта жерді қазып барып іргетас саламыз, ал ол жақта олай емес. Ол жақта ғимарат салу үшін құм-қиыршық тас қоспасының үйіндісінен бір метрлік іргетас жасап, сосын ғана ғимарат тұрғызылады. Бірақ біз салған құрылыстың сапасы өте жақсы болды. Ол кездегі мамандардың өзі қазіргілермен салыстырғанда едәуір мықты еді", - дейді Еғлам Төлендинов.

"Хамар Адамбаева берген естелік суреттен айрылып қалдым..."

Қақаған қыста еңбек еткен жұмысшылардың рухын көтеру үшін танымал өнер адамдары да Байкал-Амур магистраліне барып тұрған.
"Ол жерге әр республиканың танымал әншілері келіп өнер көрсететін. Асанәлі Әшімов, Хамар Адамбаева сияқты танымал адамдар келетін. Сол Хамар Адамбаева суретін беріп, "Чараның жалғыз қазағы Еглам Төлендиновке Хамар Адамбаевадан естелік" деп жазып берген. Мен оны өзім тұратын вагонға іліп қойғам. Әйелім көріп қызғанып, жыртып лақтырып тастады. Ол кездері бізге туған жерімізден туыстарымыз келіп тұруға мүмкіндік болған. Азық-түлік, киімдер әкелетін. Біз құрғақ ұнтақ тамақтар ішетін едік. Туыстарымыз келгенде табиғи азық-түлікке қарық болатынбыз. Сөйтіп атақты БАМ-да 2,5 жыл жұмыс істедім", - дейді Еғлам аға.
БАМ құрылысы кезінен естелік
Ардагер құрылысшының айтуынша, ол кездегі жастардың да, жалпы адам біткеннің еңбекке деген көзқарастары өте зор болған.
"Ол кездің жастары өте шынайы, ашық-жарқын еді. Бәріміз бірдей едік, көретін қиындық та, қуаныш та ортақ. Мысалы біздің ағаш шебері бригадасында 12 адам жұмыс істедік, шәй десіп көрмептік. Бәріміз жұмыла жүріп, 1 және 2 пәтерлі үйлер салдық. Алматыдан келетін құрылыс жасақтарына үлкен жатақхана салдық. Жалпы Қазақстаннан шамамен 2000-нан астам адам барып жұмыс істеді", - дейді Еғлам Мансұрұлы.