АСТАНА, 8 шілде – Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданындағы көлік кептелісі халықтың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қарасай ауданындағы 7 шақырым жолды халық екі сағаттап жүруге мәжбүр.
"Көптеген жыл Алтын орда базарында көлік кептелісі болды. Ол жердің жолын жасап, кептелісті қаланың сыртына ғана ысырып қойды, сонымен іс бітті қылды. Мына 7-8 шақырымды таңертең 2 сағат, кешке екі сағат жүреміз", - дейді аудан тұрғыны Ғұбайдолла Тұрапов.
Кептеліс көп болғандықтан жол апаты да жиі болады.
"Кептеліс азаяды деп Алматының үлкен айналма жолын салды. Одан қайыр жоқ. Елдің бәрі қалаға қатынап жұмыс істейді. Жарты өміріміз жолдың кептелісімен кетеді. Ауылда жұмыс жоқ. Бір көлік соқтығысса бірнеше шақырым көлік кептелісі болады. Соғылмағанның өзінде бір аттам жерді сағаттап жүреміз", - дейді жүргізуші Талғат Смайылов.
"Алматы - Бішкек" деп аталатын бұл автожолда күніне 70 мыңнан астам көлік жүреді. Дегенмен тас жол негізі 40 мың көлікке арналған. Бұл жолдың проблемалы екенін облыстық "Қазавтожол" мамандары да мойындап отыр.
"Алматы-Бішкек" автожолының 20-31 км бойынша халық көп шағымданады. Көлік апаты да жиі болады. Бұл проблеманы шешу үшін екі кезеңді жұмыстың сызбасы әзірленді. 6-8 жолақты жол етіп жасау қарастырылған. 4 бұрылма, 12 жерасты өткелі салынып, 1 көпір кеңейтіледі. Су жіберетін 12 құбыр салынады", - дейді "Қазавтожол" ұлттық компаниясының Алматы облыстық филиалының өкілдері.
Ведомствоның мәліметінше, жол құрылысы жақында басталады. Ауқымды жұмыс халықты мезі еткен көлік кептелісін бұдан да күрделендіре түсуі мүмкін.