Астанада кешенді абаттандыру жүргізілген 40 аула ашылды - видео

Sputnik
АСТАНА, 7 шілде – Sputnik. Астана қала күніне орай кешенді абаттандыру жүргізілген 40 аула мен 3 қоғамдық кеңістік ашылды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Сарыарқа ауданында М.Әуезов көшесі, 39, 41, Сұлукөл көшесі, 14, Шұғыла көшесі, 17, Самал ш/а, 1-10 және тағы жеті мекенжайда жұмыс аяқталды. Сонымен қатар, аудан аумағында қазіргі заманғы жайлылық пен қауіпсіздік стандарттарын ескере отырып, Юбилейная көшесі, 22 және Жеңіс даңғылы, 34 мекенжайларында екі жаңа қоғамдық кеңістік ашылады.
Биыл ауданның тұрғын алаптарындағы 8 ауланы қоса алғанда 30 ауланы абаттандыру жоспарланған.
Ал Байқоңыр ауданында кешенді абаттандыру жүргізілген 20 аула және 3 қоғамдық кеңістік салтанатты түрде ашылды.
Жалпы, жыл соңына дейін 117 (45 жаңа, 72 жөндеу-қалпына келтіру) аула аумағын абаттандыру жоспарланып отыр, соның 53-і толығымен аяқталды.
Астанада кешенді абаттандыру жүргізілген 40 аула ашылды
Алматы ауданында 11 жаңартылған аула ашылды. Бұдан бөлек, тағы 100 аулада қосымша жөндеу-қалпына келтіру жүргізу жоспарланып отыр.
Есіл ауданында 9 аула абаттандырылады. Қазіргі уақытта 3 аулада жұмыс аяқталды. Ал Нұра ауданында қала күніне орай "Құлагер 1" және "Құлагер 2" ТК жаңартылған аулалары пайдалануға берілді. Биыл аудан бойынша 19 аула абаттандырылады.
"Сонымен қатар, тұрғындардың ыңғайлылығы мен жайлылығы үшін бұрын сауда орталықтарының құрылысы жоспарланған Тұран даңғылында қоғамдық кеңістіктер ашылды. Дәл осындай алаң Ханшатыр сауда орталығының оң жағында ашылады. Тағы бір орны Бектұров көшесінде ашылды. Онда түрікмен ақыны Махтумкули Фрагаға ескерткіш орнатылған", - дейді әкімдік мамандары.