АСТАНА, 6 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қазақстанның Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңын ұсынуға әрдайым дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлады Ақорда.
Тоқаевтың айтуынша, жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтың бірі. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы ретінде медиацияға да баса мән беріп жатыр.
"Біздің күш-қуатымыз – бірлікте. Жалпы, кез келген қақтығыс пен қайшылықты шешудің жалғыз жолы бар. Ол – сындарлы диалог. Осы орайда төрағалығымыздың аясында "Медиацияға" ерекше мән беріп отырмыз. Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді", – деді Тоқаев.
"Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз", - деп толықтырды президент.
Айта кетері, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті Шуша қаласында өтіп жатыр. 2020 жылы Әзербайжан Армениямен болған әскери қақтығыс кезінде осы жерді қайтарып алды. Ал келесі жылы Ильхам Әлиев Шушада Әзербайжанның туын көтерді.