Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қазақ ауылы құрылады

Биыл 8-13 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді
Sputnik
АСТАНА, 5 шілде – Sputnik. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дирекциясы Астанадағы этноауылда 7 күн бойы ұлан-асыр той болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Дирекция басшысы Наиль Нуровтың айтуынша, "Қазанат" ипподромы жанынан үлкен этноауыл ашылады. Оған әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қала өз керуенін жібереді. Олар этноауылда кем дегенде үш киіз үй тігеді. Үздік аспашылар, қолөнершілер мен өнерпаздар да келеді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қазақ ауылы құрылады
"Осылайша, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін 7 күн бойы ұлан-асыр мәдени той болады. Қонақтар қазақ халқының төл мәдениетімен жақын таныса алады. Сол сияқты өзіміздің отандастарымыз үшін этноауылда басқа елдердің ұлттық өнері мен мәдениетін көруге мүмкіндік болады. Себебі ойындарға қатысушы әрбір мемлекет ол жерге өз этножобасын алып келеді", - дейді Нуров.
Спортшыларға табысталатын алғашқы медальдар да басылды. Ойындар дирекциясы бүгін оны шетелдік дипломаттар мен ШЫҰ-да тіркелген журналистерге көрсетті.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қазақ ауылы құрылады
"Медальдар ерекше стильде жасалды. Негізгі символ – шаңырақ, бірліктің белгісі. Ортасында – салт атты адам. Бұл петроглифті бәрі біледі. Салт атты адам қозғалыс, мақсат пен жеңіске деген ұмтылысты білдіреді. Сол себепті оны V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының символы ретінде алдық. Медальдің артында ойындар өткен дата мен қаланың атауы, қырында да жазу бар", - деді ғылыми бағдарлама жетекшісі Арайлым Зият Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Медальдарды қоладан құйып, арнайы материалмен алтын, күміс пен қоланың түсіне бояған. Диаметрі – 80 мм, қалыңдығы – 5 мм. Медальдардың жалпы саны – 581.
Айта кетері, биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған 100-ден астам елдің өкілдері қатысады деген жоспар бар. Әлемнің түкпір-түкпірінен көшпенді емес мемлекеттерден де командалар келеді.
Бұған дейін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасын және билет сату тәртібі туралы хабарланған болатын.
Спорт
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: билеттер сатылымға қашан шығады