АСТАНА, 4 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің дарынды жастарын Қазақстанда жинауға ұсыныс жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Астанадағы "ШЫҰ+" кездесуіне Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдерді барынша жақындастыру мәселесін көтерді. Оның ойынша, осы салада мәдени орталықтар маңызды рөл атқара алады.
"ШЫҰ барлық аймағында осындай жобалар қолға алынса, біздің мәдени-гуманитарлық байланыстарымық күшейе түседі. Оған жастарды кеңінен тарту қажет. Қазақстан креативті индустриялар алаңы бола алады. Осы орайда жыл сайын ШЫҰ елдерінің жас көшбасшылары мен таланттарының кездесуін өткізу тәжірибесін қолға алуды ұсынамыз", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ президент университеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, техникалық мамандықтар бойынша гранттарды көбейту қажет деп санайды.
"Қазақстан өзінің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін гранттарды беру тәжірибесін жалғастыруға дайын", - деп атап көрсетті Тоқаев.