Астана ШЫҰ-2024

Сағынтаев: ШЫҰ мен Еуразиялық экономикалық одақтың бірін-бірі толықтыратын әлеуеті бар

Sputnik
АСТАНА, 4 шілде – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың бірін-бірі толықтыра алатын әлеуеті бар екенін мәдімдеді.
Оның айтуынша, кедергісіз экономикалық ортаны қалыптастыру, ұлттық валюталармен өзара саудада есеп айырысу үлесін арттыру, ортақ даму институттарын құруды қамтитын диалогқа іскер топтардың қызығушылығы осыған дәлел.

"ЕАЭО және ШЫҰ елдері Еуразияның заманауи экономикалық архитектурасының маңызды элементтері болып табылады.Бұл мемлекеттер Еуразия құрлығының өзегін құрайды және олардың өзара қарым-қатынастары негізінен аймақтың одан әрі даму векторын анықтайды", -дейді ЕЭК алқасының басшысы.

ЕЭК пен ШЫҰ Хатшылығы тиісті меморандум аясында өзара іс-қимыл жасайды. Қазіргі уақытта ынтымақтастықтың егжей-тегжейлі жоспары әзірленуде. Құжат жобасында бірлескен іс-шаралар, ақпарат және тәжірибе алмасу, өзара қызығушылық тудыратын талдамалық материалдар дайындау қарастырылған.