Астана ШЫҰ-2024

Қырғызстан президенті ШЫҰ-дағы сауда кедергілерін қысқартуға шақырды

Қырғыз тарапы ШЫҰ даму банкі және ШЫҰ даму қоры сияқты жобаларды қаржыландыру үшін арнайы институт құру қажеттігін бірнеше рет атап өтті
Sputnik
АЛМАТЫ, 4 шілде - Sputnik. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) мемлекет басшылары кеңесінде сөйлеген сөзінде ұйым елдері арасындағы сауда кедергілерін қысқарту бағытындағы жұмысты жалғастыруға шақырды, деп хабарлайды Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі.
"Садыр Жапаров сауда-экономикалық байланыстар мәселелеріндегі өзара тиімді әріптестік қатынастар экономикалық жаһандану жағдайында ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің тұрақты экономикалық және қаржылық әл-ауқаты негіздерінің бірі екенін мәлімдеді", - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, Жапаров ашық экономиканы қалыптастыру және көпжақты сауда жүйесін нығайту мақсатында ШЫҰ-ның бүкіл кеңістігінде сауда кедергілерін қысқарту жөніндегі жұмысты жалғастыруға шақырды.
Қырғызстан президенті ШЫҰ даму банкі мен ШЫҰ даму қоры сияқты жобаларды қаржыландыру үшін арнайы институт құру қажеттігін бірнеше рет атап өтті.
"Көлік ынтымақтастығын дамыту және қолда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалану тұрғысынан Садыр Жапаров Қырғызстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары мен көлік саласындағы басқа да құжаттар үшін қолайлы жағдайлар жасау туралы келісімді жүзеге асыруды жақтайтынын атап өтті", - деп нақтылады баспасөз қызметі.
Бұған дейін Қырғызстан президенті 3 шілдеде ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Астанаға келгені хабарланған болатын.