Астана ШЫҰ-2024

Бізге Украина мен Таяу Шығыста бейбітшілік керек - БҰҰ Бас хатшысы

Sputnik
АСТАНА, 4 шілде – Sputnik. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Астанада өткен ШЫҰ саммитінде жаһандық бейбітшілік пен ынтымақтастыққа шақырды. 

Ол Газадағы қантөгісті тез арада тоқтатуды, кепілге алынған барлық адамды босатуды және мәселелерді шешу үшін жол картасын әзірлеуді талап етіп, Палестинаның өзін-өзі билеу қағидасына негізделген екі мемлекет құруды жақтады. 

"Газа секторындағы балалар қайтыс болып, ата-аналары және үйлерінен айырылып жатқан әр күн маңызды", - деді Гутерриш. 

Бас хатшы басқа аймақтарда да бейбітшілік орнату қажеттігін айтты. 

"Бізге Украинада БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқыққа негізделген бейбітшілік қажет. Бізге Суданнан Сахелге дейін, Конго Демократиялық Республикасынан Сомалиге, Мьянмадан Гаитиге дейін бейбітшілік қажет", - деді ол. 

Гутерриш сонымен қатар Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға шақырып, елдің лаңкестік ошағына айналуына жол бермеу үшін адам құқықтарын құрметтейтін және жаһандық қоғамдастықпен интеграцияланған инклюзивті үкімет құруды талап етті. 

БҰҰ терроризмге қарсы күресте ШЫҰ-мен ынтымақтасуға дайын, деп мәлімдеді Гутерриш.