АСТАНА, 4 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ШЫҰ+" форматында өткен кездесуде адамзат үшін өте ауыр зардаптар жайында ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің айтуынша, бүгінде әлем бұрын-сонды болмаған геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстар сияқты үлкен сын-қатерлерге тап болып отыр.
"Әлемдік қауіпсіздік архитектурасына қауіп төніп отыр. Оның арты барлық адамзатты өте ауыр зардаптарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Мұндай тағдыршешті кезеңде бізге бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейту үшін аймақтық және жаһандық деңгейде ұжымдық күш біріктіру жолымен үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің беделі, адам саны мен эконикалық ресурстары арқасында тұрақты даму мақсаттарына жетуге және қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге қажетті тиімді шешімдерді ұсына алады", - деді Тоқаев "ШЫҰ+" кездесуінде.
Осы орайда Қазақстан президенті бірнеше ұсынысты жариялады. Атап айтқанда, БҰҰ 80 жылдығына орай БҰҰ Бас ассамблеясының Шанхай ынтымақтастық ұйымының "Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік" бастамасын қолдау туралы резолюциясын қабылдау, санкциялық шиеленістер жағдайында икемді сауда-экономикалық стратегияны жүргізу және ШЫҰ-ның экономикалық әлеуетін барынша ашу қажет.
"ШЫҰ мүше елдердің экономикалары жоғары өсімді - 4-9 процентті көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде ұйымға кірген мемлекеттердің жаһандық ішкі жалпы өнімдегі үлесі 30 процентке жетті. Ал олардың сыртқы саудасы 8 трлн доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен бір бөлігі. Қазақстан Қытайдың ШЫҰ елдеріне өзінің ауқымды нарығын ашуға және ұйымға мүме мемлекеттермен сауда айналымын 3 трлн долларға дейін жеткізуге деген ниетін қолдайды. Бізге ШЫҰ-ның ауқымды экономикалық әлеуетін барынша ашқан маңызды", - деді Тоқаев.