АСТАНА, 4 шілде - Sputnik. Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының тұмса табиғатын туристер, оның ішінде шетелдік туристер үшін де қолжетімді ету жоспарлануда, деп хабарлады YK-news.kz.
Шетелдіктер мен Қазақстанның басқа аймақтарының тұрғындары Катонқарағайға Алматы мен Астанадан тікелей жету үшін жеңілдетілген логистика қажет. Катонқарағай ауылындағы аэродромды қайта жаңғыртудан кейін Оңтүстік және солтүстік астаналардан тікелей рейстер орындау мүмкін болады. Бұл мәселе қазір республикалық деңгейде шешіліп жатыр.
"Қазіргі уақытта Катонқарағай ауданының әкімдігі бастапқы мәліметтерді жинауда. Яғни, аумақтың топографиялық кескіні, температура режимі бойынша деректер, жел бағыты, жер асты суларының деңгейі және тағы басқа мәліметтер қажет. Бастапқы деректер дайын болғаннан кейін "Қазақстанның авиация әкімшілігі" АҚ және "Қазаэронавигация" РМК мамандары жобаға сәйкес ұшу-қону жолағының ұзындығын және пайдаланылатын әуе кемелерінің түрлерін ұсынады", - деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.