АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Украина Халықаралық валюта қорынан (ХВҚ) 2,2 миллиард доллар көлемінде тағы бір транш алды, деп жазды сәрсенбіде премьер-министр Денис Шмыгаль өзінің Telegram каналында.
Оның айтуынша, бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын қаржыландыруға бағытталады.
"Украина Халықаралық валюта қорынан 2,2 миллиард доллар алды. Бұл EFF бағдарламасымен қарастырылған 16 миллиард доллар қаражаттың бір бөлігі", - деді Шмыгаль.
Наурызда Украина Халықаралық валюта қорының кеңейтілген қаржыландыру механизмі (EFF) аясында 880 миллион доллар көлемінде көмектің үшінші траншын алды. Жалпы алғанда, ол кезде қордан 15,6 миллиард АҚШ долларын құрайтын төрт жылдық EFF бағдарламасының жалпы сомасының 5,4 миллиард доллары алынды.
Сонымен бірге Украина биыл Халықаралық валюта қорына 2,9 миллиард доллар, алдағы жеті жылда тағы 11,5 миллиард доллар қарызын төлеуі керек.