Қазақстанда тағы бір "Лу Бань шеберханасы" ашылады

Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны артты
Sputnik
АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанда тағы бір "Лу Бань шеберханасын" ашуға келісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазақстан техникалық мамандарды даярлау мәселесіне баса мән береді. Ал Қытай осы салада жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, былтыр Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің негізінде "Лу Бань шеберханасы" ашылды. Ол жерде автоөнеркәсібі үшін жоғары білікті инженерлік және техникалық мамандар даярланады.
Бүгін Тоқаев ҚХР төрағасымен өткізген келіссөздердің нәтижесі тағы бір "Лу Бань шеберханасы" ашылатынын мәлімдеді.
"Бүгін құрметті Си Цзиньпин мырзамен Қазақстанда екінші "Лу Бань шеберханасын" ашуға келістік. Бұл тиімді әрі маңызды жоба елімізде жоғары кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді", – деді Тоқаев Ақордада өткен брифингте.
Оның айтуынша, екі ел арасында ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық та нығайып келеді. Қазіргі таңда Қытайдың жоғары оқу орындарында 4 мыңнан астам қазақ жастары білім алып жатыр.
"Қытайдың жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін қазақ жастарының саны артты. Бұл тұрғыда үкіметтік грант санын көбейту, Қазақстан аумағында Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын ашу мәселесіне арнайы тоқталдық", - деп атап өтті Қазақстан президенті.