Астанада Қытайдың дрон өндірушілерімен және ет қауымдастығымен келісім жасалды

Sputnik
АЛМАТЫ, 3 шілде – Sputnik. Қазақстанның ауыл шауашылығы министрлігі Қытайдың дрон өндірушілерімен және ет қауымдастығымен ынтымақтастық орнатуға ниетті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Астанада Қазақстан - Қытай іскерлік кеңесінің 7-ші отырысы аясында ауыл шаруашылығы саласында екі меморандум жасалды.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мен Suzhou Eavision Robotic Technologies Co арасында техникалық ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды.
"Бұл жоғары технологиялық өндіріс кәсіпорны интеллектуалды ұшқышсыз ұшу аппараттарын және күрделі сыртқы орталарға жарамды интеллектуалды роботтарды әзірлеуге және өндіруге арналған", - деп жазылған хабарламада.
Eavision интеллектуалды машиналары, жабдықтары мен бағдарламалық қамтамасыз ету құралдары көптеген салада, соның ішінде ауыл шаруашылығында қолданылады.
Компаниямен жасалған келісімнің арқасында өсімдіктерді қорғауға арналған интеллектуалды ұшқышсыз ұшақтар енгізіледі. Мұндай құрал-жабдықтарды пайдалану өсімдіктерді қорғау шараларының, сондай-ақ жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырады.
Сондай-ақ Қытай ет қауымдастығымен техникалық алмасу және ет өнеркәсібіндегі ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.
"Құжат Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге, өнім сапасын жақсарту және екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру үшін ет өнеркәсібіндегі технологиялармен алмасуға бағытталған", - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Бұл келісімдер екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға, аграрлық сектордағы іскерлік байланысты арттыруға және ауыл шаруашылығының инновациялық дамуын ынталандыруға ықпал етеді.