"Жазықсыз ұлымды 11 жылға соттады": Қызылордалық ана әділдік іздеп жүр

Жоғарғы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін жойып, істі аппеляциялық сатыдағы сотқа жіберді
Sputnik
АЛМАТЫ, 1 шілде – Sputnik. Қызылорда қаласының тұрғыны Алтынай Қайыпова ұлының жазықсыз сотталып кеткенін айтады. Айтуынша, жұмыста жүрген ұлына негізсіз жала жабылған. Sputnik Қазақстан тілшісі мәселенің мән-жайын білді.
Алтынай Қайыпова тепсе темір үзетін ұлының айдың-күннің аманында жазықсыз сотталып кеткенін айтып, редакциядан көмек сұрады.
"2022 жылы 30 қыркүйекте балам вахталық жұмысқа кеткен. Жұмыста болғаны жөнінде дәлел бар. Бірақ балама басқа біреудің қылмысын жапқан. Ал шын қылмыскер ұлымның кластасы. Сол жігіт 30 қыркүйекте таксиге отырып, Астанаға жол жүреді. Шамалыдан соң жаңағы жігітке бір танысы сөмке әкеп береді. Сөмкеде наша болған. Жолда құқық қорғаушылар тексерген, сол кезде ұсталған. Сөмке берген адам да, жолға шыққан жігіт те ұсталады. Бірақ сол күні келісіп полициядан шығып кетеді", - дейді Алтынай Қайыпова.
Оның айтуынша, тергеу әділ жүргізілмеген.
"Егер осы іске қатысы болса, вахтадағы жұмысына қарамай баламды дәл сол күні алып кетер еді. Заң бұзушылық өте көп. Жаңағы нашамен ұсталған жігіт бұған дейін де осындай іспен ұсталған. Менің баламды 20 күннен соң ұстады. Тіпті жұмыста жүрген бейнежазбасын бізге бергізбей, сараптама істетпей әбден мезі етті. Жылап-еңіреп жүріп видеоны алдым, сараптаманы өз ақшама жасаттым", - дейді баласына араша іздеген ана.
Алтынай Қайыпова прокуратура, ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция, тіпті "Аманат" партиясына дейін барғанын айтады.
"Барлығы бір-біріне сілтеп, ешкім менің зарыма құлақ асқысы келмеді. Ұлымды былтыр мамырда 11 жылға соттап жіберді. Том-том тергеу құжатының бәрі қолымда. Қылмыстық істе барынша бұрмалау болған. Жалған ақпарат жинаған тергеушінің шені өсіп, қызметі жоғарылап кетті", - дейді Алтынай Қайыпова.
Сот үкімімен Бағдат Қайыпов аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз иемденіп, сақтап, жөнелткені үшін кінəлі деп танылған.
Жанталасқан ана Жоғарғы сотқа шағымданған.
"Қайыпов Бағдат Олегұлы ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен 11 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге сотталған. Б.О.Қайыповқа нашақорлықтан емделу үшін бас бостандығынан айыруды өтеу орнында медициналық сипаттағы мəжбүрлеу шарасы тағайындалған", - деп жазылған жоғарғы сот анықтамасында.
Жоғарғы сот "бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымының дұрыстығы мен негізділігі күмəн тудырады" деп жазды үкімде.
Нәтижесінде жоғарғы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін жойып, істі аппеляциялық сатыдағы сотқа жіберді.
"Бағдат Олегұлы Қайыповқа қатысты Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 17 мамыр 2023 жылғы үкімі мен Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 тамыздағы қаулысының күші жойылсын. Қылмыстық іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жіберілсін. Адвокат К.К.Дүйсембаев пен қорғаушы А.О.Қайыпованың өтінішхаттары ішінара қанағаттандырылсын", - делінген Жоғарғы сот үкімінде.
Ал Қызылорда облыстық соты Sputnik Қазақстан тілшісіне қылмыстық іс жаңа құрамда қайта қаралатынын айтты.
"Үкім жойылғаннан кейін бізге келеді, апелляциялық алқада жаңа құрамда қайта қаралады. Бұрынғы қараған судьялар істі қарамайды, іс басынан бастап тергеліп, тексеріледі", - деп жауап берді облыстық соттың баспасөз қызметі.