АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммитіне келеді, деп хабарлады мемлекет басшыларының баспасөз қызметі.
Шавкат Мирзиеевтің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысына және "ШЫҰ плюс" форматындағы кездесуге қатысу үшін Қазақстанға келетіндігін айтты.
Ал Қырғызстан президенті әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі Мұратбек Әзімбақиев ШЫҰ аясындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері саммиттің күн тәртібіне енгенін айтты.
"ШЫҰ елдерінің көшбасшылары ұйым форматындағы көпжақты және көпвекторлы ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық саясат мәселелерін талқылайды", - деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша Астана декларациясын және экономика, қауіпсіздік, экология, энергетика, туризм және басқа да көптеген бағытта әріптестікті кеңейту бойынша құжаттар топтамасын қабылдау жоспарлануда, дейді Өзбекстан басшысының баспасөз қызметі.
Көрші мемлекеттердің басшылары саммит аясында шетелдік делегациялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізеді. Мысалы, Садыр Жапаровтың Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен және Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесулері жоспарланған.
Айта кетері, Астана декларациясының жобасында бірнеше күн бойы Қазақстанның төрағалығымен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілері жұмыс істеді, деп атап өтті ұйым хатшылығы.