Астана ШЫҰ-2024

Путин Астанадағы ШЫҰ саммитінде Си Цзиньпин, Ердоғанмен кездеседі

Елордада өтетін форумның ертеңгі күні екіжақты кездесулермен есте қалмақ
Sputnik
АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Астанадағы ШЫҰ саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Қытай басшысы Си Цзиньпинмен, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен, Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен және Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевпен екіжақты кездесулер өткізеді. Бұл туралы Ресей президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.
Екі күн бойы Астана жарты әлемнің астанасына айналады – мұнда құрлықтағы ең ірі елдерінің президенттері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары жиналады.
ШЫҰ саммиті "Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу" ұранымен өтеді.
Ушаковтың айтуынша, екіжақты келіссөздер саммиттің ашылуы алдында, яғни 3 шілдеде өтеді.
"Алдымен біз Моңғолия президенті Хурэлсухпен, одан кейін Әзербайжан президенті Әлиевпен, одан кейін Пәкістан басшысы Шарифпен сұхбаттасамыз", - деді Ушаков.
Сонымен қатар Владимир Путиннің жоспарында Ердоғанмен және Си Цзиньпинмен маңызды кездесулер бар.
"Ал саммитке қатысушыларға арналған бейресми түскі асқа кетер алдында біздің президент саммит қожайыны Тоқаев мырзамен кездеседі", - деді Ушаков.
Оның айтуынша, Ресей басшысының 4 шілдеге жасалған жұмыс кестесінде негізінен саммит шараларына қатысу қарастырылған, бірақ шағын, қысқа екіжақты байланыстарды ұйымдастыруға уақыт табылып қалуы мүмкін.