Атырау облысында полиэтилен шығаратын зауыт салынады

Құрылыс кезеңінде 8 мыңға жуық, ал зауытты пайдалану кезінде тағы 800-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда
Sputnik
АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Астанада "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов "СИБУР" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы – бас директоры Михаил Карисаловпен кездесті, деп хабарлайды ҚМГ баспасөз қызметі.
Тараптар "Силлено" жобасы – Атырау облысында қуаттылығы 1,25 миллион тонна полиэтилен өндіретін бірінші интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысын талқылады.
ҚМГ халықаралық серіктестердің қатысуымен Қазақстандағы мұнай-химия кластерін белсенді дамытып жатыр. Полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы еліміздегі осы саланы дамытудың келесі кезеңі болмақ.
Кәсіпорын Қарабатан арнайы экономикалық аймағының аумағында Теңіз кен орнына жақын жерде (Атырау облысы) салынады. Жоба қатысушылары – "ҚазМұнайГаз" (40%), СИБУР (30%) және Sinopec (30%).
Жалпы, құрылыс кезеңінде 8 мыңға жуық, ал зауытты пайдалану кезінде тағы 800-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
2023 жылдың 17 қазанында Бейжіңде Қазақстан президентінің қатысуымен ҚМГ, СИБУР және Sinopec арасында полиэтилен өндіру жобасындағы үлесті сату-сатып алу туралы келісімге қол қойылғаны туралы бұрын хабарланған болатын.
"ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ, Қазақстандағы жетекші тігінен интеграцияланған мұнай-газ компаниясы, бүкіл өндірістік кезеңдегі активтерді басқарады.
"Силлено" ЖШС Атырау облысындағы бірінші интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасының Екінші кезеңінің операторы болып табылады ("Полиэтилен" жобасы).
Sinopec - тігінен интеграцияланған энергетика және мұнай-химия корпорациясы және әлемдегі екінші ірі химия компаниясы.
"СИБУР Холдинг" ЖАҚ (СИБУР) – полимер және каучук өндірісі саласындағы ресейлік мұнай-химия холдингі.