АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Жетісу облысында жел ықтырып әкеткен үш турист құтқарылды, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Катамаранмен серуендеуге шыққан үш турист оқыс жағдайға тап болды.
"Туристер Алакөл көлінің жағалауынан алыс жүзіп кеткен, сол сәтте жел күшейіп, демалушылар жағалауға өздігінен жете алмай қалған", - дейді ведомство.
Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары дереу көмекке келіп, туристерді құтқарып қалды. Олар медициналық көмекке жүгінбеді.
Еске сала кетейік, кеше Алматы тауларына шыққан бес адам өздігінен төмен түсе алмай қалған. 19-20 жастағы демалушылар аман-есен құтқарылды.