Тасмағамбетов: ҰҚШҰ форматында әскерді күшейту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ

Шығыс Еуропа ұжымдық қауіпсіздік аймағындағы жағдай ұйымның басты назарында, деді Тасмағамбетов
Sputnik
АСТАНА, 1 шілде – Sputnik. ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ форматында әскери құрамды нығайту мәселесі қарастырылмағанын, бірақ НАТО-ның Шығыс Еуропадағы іс-әрекеті бақыланатынын айтты, деп хабарлады РИА Новости.
"Шығыс Еуропа ұжымдық қауіпсіздік аймағындағы жағдай ұйымның басты назарында болып отыр. Біз ҰҚШҰ аясындағы аймақтық мәселелермен белсенді жұмыс істеуден басқа Беларусь пен Ресейдің тиісті органдарымен тығыз қарым-қатынастамыз", - деді ол Беларусьтің "Белта" мемлекеттік агенттігіне берген сұхбатында.
"Қазіргі уақытта ҰҚШҰ форматында әскери құрамды күшейту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, бірақ ұйым кез келген сын-қатерлер мен қауіптерге жедел ден қоюға мүмкіндік беретін тиімді үйлестіру және шешімдер қабылдау тетіктерін құрып, жұмыс істейді" - деді бас хатшы.
Ол ұйымның қолда бар күштері мен құралдарын пайдалануды жақсарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бас хатшы сондай-ақ қандай да бір ұйымға немесе елге қарсылық таныту ҰҚШҰ-ның мақсаты емес екенін айтты.
"Негізінде ұйым да, оның мүшелері де ынтымақтастық мүмкіндіктерін азайтатын және мұндай бірлестіктерге қатысушылардың ұлттық егемендігін айтарлықтай шектейтін блоктық ой-танымнан бас тартуды жақтайды", - деді Тасмағамбетов.
Бұған дейін Тасмағамбетов әлемде шиеленіс күшейіп жатқан кезде ҰҚШҰ кеңейе алатынын айтқан болатын.