АСТАНА, 1 шілде – Sputnik. Қарағанды облысында Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша қоғамдық талқылаулар өтеді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін талқылау үшін Қарағанды облысында референдумға дейін қоғамдық талқылаулар өткізу жоспарлануда", - делінген хабарламада.
Қоғамдық талқылауға атом саласының мамандары қатысады.
"Қоғамдық талқылаулар кезінде азаматтар технологиялардың қауіпсіздігі және атом электр станциясы құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша сұрақтар жолдай алады", - деп толықтырды әкімдіктегілер.
Бұған дейін Тоқаев АЭС құрылысы бойынша референдум күзде өтетінін мәлімдеген.
БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде ол "тұрақты энергиямен қамтамасыз етпейінше экономиканы дамыту мүмкін емес екенін" айтты.
"Сондықтан мен атом электр станциясын салу мәселесін пысықтауды тапсырдым", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев бұл мәселенің кеңінен талқыланып, түрлі көзқарастар айтылып жатқанын мәлімдеді.
"Расында, елімізде атом энергетикасын дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар, оларды дұрыс әрі тиімді пайдалану маңызды. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді халық қабылдайды. Осы күзде өтетін референдумның нақты күнін үкімет анықтайды", - деп мәлімдеді президент.
Еске салайық, 2023 жылдың қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынған болатын.