Мүгедек жандарға арналған арнайы вагондардың саны артып келеді

Өткен жылы арнайы орындары бар 11 инва-купе сатып алынды
Sputnik
АСТАНА, 1 шілде – Sputnik. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы вагондардың саны ұлғайтылып жатыр, деп хабарлады Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Ерекше қажеттілігі бар адамдардың жайлы жол жүруі үшін биыл тағы 14 вагон сатып алу жоспарланған. Оның жетеуі бүгінгі таңда пайдалануға берілген.
"Жолаушылар вагондары жаңартылған сайын инва-купе саны да артып келеді. Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін теміржол вагондарын жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, жаңа вагондар "Қызылорда – Семей", "Павлодар – Түркістан", "Ақтау – Ақтөбе" бағыттарында іске қосылды", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетері, өткен жылы арнайы орындары бар 11 инва-купе сатып алынды. Жалпы еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы вагондары бар 110 құрам қатынайды. Жеке тасымалдаушылар тарапынан тағы үш жаңа бағыт бойынша арнайы вагондар берілмек.
Жаңа вагондар – сапа және қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін отандық өнім. Яғни, вагондардағы купе алаңы ұлғайтылып, арнайы көтергіш механизмдер орнатылған, жолсеріктерді шақыру түймелерімен қайта жабдықталған.
Естеріңізге сала кетейік, министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инватакси санын арттыру бойынша да жұмысты жалғастырып жатыр. Өңірлерде жалпы автопаркі 760-қа жуық мамандандырылған машинадан құралған 119 инватакси қызметі жұмыс істейді.
Әйелдер вагоны тағы үш пойызда болады