АСТАНА, 1 шілде – Sputnik. Астана әуежайы мен вокзалдары күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлады Көлік министрлігі.
"Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитін өткізу кезеңінде елорда әуежайында күшейтілген және тәулік бойғы жұмыс режимі қамтамасыз етіледі. Тұрақты рейстердің ұшуы кесте бойынша жоспарланған ", - деп жазылған хабарламада.
Саммитті өткізу кезеңінде жұмысқа сала мамандары мен диспетчерлік құрам тартылды.
"Жүзден астам қызметкер резерв ретінде жұмылдырылып, елорда әкімдігімен бірлесіп шет тілдерін білетін еріктілер тартылып жатыр. Сондай-ақ Алматы және Қарағанды қалаларында қосымша әуежайлардың дайындығы көзделген", - деп атап өтті министрлік.
Ведомство елорда теміржол вокзалдары штаттық режимде жұмыс істейтінін атап өтті.
Бүгінгі таңда теміржол көлігі Астана-1 станциясынан 23 бағыт бойынша тәулігіне 11 мыңға жуық жолаушыны, ал "Нұрлы жол" теміржол вокзалы бойынша тәулігіне 8 мың жолаушыны 19 маршрут бойынша тасымалдауда. Вокзалдар кешенді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған.