Қырғызстандағы сел көшкінінен қазақстандық екі бала қаза тапты – СІМ

Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады
Sputnik
АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Қырғызстанда болған жойқын селден қаза тапқандар ішінде қазақстандық екі бала бар, деп хабарлайды Қазақстанның сыртқы істер министрлігі.
Министрліктің хабарлауынша, тағы екі бала жоғалып кеткен.
"28 маусымда Қырғызстанда нөсер жауын-шашын болуына байланысты Ош облысының Нооқат ауданында жойқын сел жүріп, салдарынан тұрғындар мен туристер зардап шекті. Қырғызстанның төтенше жағдай министрлігінің алдын ала берген ақпараты бойынша, қаза тапқандардың арасында Қазақстанның кәмелетке толмаған азаматтары бар. Қазіргі таңда екі баланың денесі табылып, тағы екеуін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.
Ведомство атап өткендей, табиғи апат орнында қырғыз тарапының құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр.
"Қазақстандық дипломаттар жергілікті билікпен тұрақты байланыста. Біздің Қырғызстандағы Елшілігіміз қайтыс болған балалардың туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр. Бұл қайғылы оқиға сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында", - деп атап өтті министрлік.
Осыған байланысты Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстан СІМ басшысы Жээнбек Кулубаевпен телефон арқылы сөйлесіп, төтенше жағдайдың мән-жайын және екі елдің тиісті мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылын талқылады.
Айта кетері, бұған дейін Қырғызстанның Ош облысының Нооқат ауданында жойқын сел болып, жеті адам қаза тапқаны хабарланған еді.
Әлем
Қырғызстанда сел жүрді: 7 адам қаза тауып, 1300 адам су астында қалды