АСТАНА, 29 маусым - Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Комитеттің мәліметінше, осы жылдың 28 маусымында Ақтөбе облысы бойынша ҰҚК департаменті жергілікті тұрғындардың бірінің үйін тінту кезінде 21 атыс қаруын, оның ішінде 2 Калашников автоматын, 8 тапанша, 11 мылтық, сондай-ақ жарық-шу гранатасын, түтін бомбаларын, рацияларды және түрлі калибрлі 581 оқ-дәріні тәркіледі.
Осы күні ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті қару-жарақтың 2 жасырын орнын анықтады.
Гранатомет, Калашников автоматы, винтовка, 4 мылтық, 2 тапанша, түтін гранатасы және әртүрлі калибрлі 248 оқ-дәрі тәркіленді.
"Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – делінген хабарламада.