Қошанов үкіметтің әдетке айналған кемшілігін атады

Sputnik
АСТАНА, 28 маусым - Sputnik. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов үкіметтің жыл сайын қайталанатын кемшілігін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сегізінші сайланған парламенттің екінші сессиясы аяқталды. Екі палатаның бірлескен отырысында мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов үкіметпен бірлескен жұмыс барысында жыл сайын қайталанатын кемшіліктерге де тоқталды. Оның айтуынша, заң нормалары жетік пысықталмайды, сапасы төмен.
“Соның айқын мысалы - Су кодексінің жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүр. Мұның бәрі кодекс жобасының парламентте қаралуын қиындатып, ұзаққа созылуына әсер етеді. Құрылыс кодексінің жобасы да осыған ұқсас. Бұл жәйт баршаға белгілі, заң жобасы мүлдем шикі күйінде келіп түсті. Депутаттар оны тағы да пысықтап, қайта жазып шығуға мәжбүр”,- деді Қожанов.
Бұдан бөлек, үкімет заң жобаларын мәжіліске енгізуді жиі кешіктіріп жатады. Мәселен, Су кодексін былтыр наурыз айында енгізілуі тиіс еді. Алайда осы жұмыс бір жылға созылып кетті.
“Маңызды заң жобаларының бірі - Салық кодексі әлі енгізілген жоқ. Соның салдарынан депутаттардың онымен сапалы жұмыс істеуіне уақыт өте тығыз болғалы тұр”, - деп атап көрсетті Қощанов.
Сондай-ақ, үкімет заң жобалары бойынша өз қорытындысын кеш беріп жатады. Кей кезде оны 8 айға дейін күту керек. Ал халықаралық шарттарды мемлекеттік тілге аударғанда қателер кетіп жатады. Соның салдарынан маңызды құжаттар кеш қабылданады. Ондай кемшіліктер елдің имиджіне де кері әсер етеді.