АЛМАТЫ, 28 маусым – Sputnik. Пойызға билет болмағандықтан Батыс Қазақстан облысының спортшылары жарысқа бара алмауы мүмкін. Бұл туралы "Мой город" ақпарат порталы жазды.
Мәслихаттың кезекті сессиясында депутат Мереке Ғабдуалиев пойызға билеттің болмауы мәселесін тағы да көтерді. БҚО тұрғындары Қазақстанның ірі қалаларына сапарлай алмайды.
Мысалы, 4 шілдеден бастап Астанада садақ атудан ел чемпионаты өтеді. Облыстан біріншілікке 42 спортшы қатысуы керек. Үздіктер Тайваньдағы Азия чемпионатына жолдама алады деген үміт бар.
"Бұл олимпиадалық спорт түрі және еліміздің олимпиадалық құрамасының қалыптасуы чемпионатқа байланысты. Біздің облыстың намысын 42 спортшы қорғайды. Бірақ проблема шығып тұр, екінші шілдеде пойызға билет жоқ. Біз бұл мәселені көтердік. Тіпті федерация спортшылары Астанаға жету үшін бір қосымша вагон бөлуді сұрайды. Сонымен қатар мүгедектерге санаторийлерде демалуға жолдама берілді. Мемлекет бұл үшін оларға ақша төлейді. Бірақ тағы да пойызға билет жоқ", - дейді депутат.
Ғабдуалиевтің айтуынша, өткен жылы бұл мәселе көтеріліп, қосымша пойыз бөлуді сұраған. Алайда оның орнына Астана мен Орал арасында жүретін "Тальго" пойызы алынып тасталды.
"Бұл ретте "Қазақстан темір жолы" парақшасында Астана-Шымкент, Астана-Алматы бағыттары бойынша қосымша пойыздар іске қосылатыны туралы хабарландыру бар. Басқа өңірлерде даму серпіні бар", - дейді ол.
Халық қалаулысы көлік министрлігінің өкілдерін шақыра отырып, бөлек отырыс өткізуді ұсынды. Сонымен қатар бүгін елордаға қосымша пойыздың іске қосылатыны белгілі болды. Бірақ осы жылдың күззіне дейін емес. Бұл туралы ҚР көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Министрлік басшысы теміржол вагондары паркін жаңарту бөлігінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, биыл 140 бірлік жаңа вагон сатып алынса, келесі жылы 2025 жылы 224 жаңа вагон сатып алынады.
Қазіргі уақытта Орал – Астана бағыты бойынша коммерциялық негізде "Эйр Астана" әуекомпаниясы аптасына 6 рейсті, Fly Arystan лоукостері аптасына 4 рейсті орындайды.