Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Қытай Украина дағдарысына кінәлайтындардың сөзін жоққа шығарды

Sputnik
АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Батыс Украина дағдарысындағы өз рөлі туралы ойланбайтыны өз алдына, бұған Қытайды айыптап жатады, Бейжің бұған қарсы, деп мәлімдеді бейсенбі күнгі брифингте Қытай қорғаныс министрлігінің өкілі У Цянь.
Бұған дейін G7 елдері саммит қорытындысы бойынша мәлімдеме жариялап, онда "Үлкен жетілік" елдері Қытайдың Ресейге қолдау көрсетуіне алаңдаушылық білдіріп, Бейжіңді Мәскеуге қысым көрсетуге шақырған.
Сондай-ақ саммитке қатысушылар Қытайды Украинадағы қақтығысты тоқтату үшін Ресейге қысым көрсетуге үндеді. G7 көшбасшылары Қытайды "аумақтық тұтастық пен БҰҰ жарғысының принциптері мен мақсаттарына, оның ішінде Украинамен тікелей диалогқа негізделген жан-жақты, әділ және ұзақ бейбітшілікті қолдауға" шақырды.
"АҚШ пен басқа да Батыс елдері Украина дағдарысындағы өз рөлі туралы ойланбайды, сонымен қатар бұл жағдай үшін бірнеше рет Қытайға кінә артты, біз бұған үзілді-кесілді қарсымыз", - деді У Цянь.
Ол "Қытай әлемнің барлық елімен, соның ішінде Ресеймен тең және өзара тиімділік негізінде қалыпты сауда-экономикалық қарым-қатынасты ұстанатынын, бірақ қақтығысқа қатысушылардың ешқайсысына қару-жарақ жеткізбейтінін, сондай-ақ қос мақсаттағы тауарлар экспортын қатаң реттейтінін" айтты.
"Қытай бейбітшілікті жақтайды, фактілерді елемейтін негізсіз айыптауларға табанды түрде қарсы және Украина дағдарысын саяси жолмен шешуде сындарлы рөл атқара береді", - деді ол.
У Цянь сондай-ақ, статистикалық мәліметтерге сәйкес, Ресей импорттайтын қару-жарақтың құрамдас бөліктері мен қос мақсаттағы тауарлардың 60%-дан астамы АҚШ пен басқа да батыс елдерінен келетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл елдердің бір жағынан Ресеймен өзара сауда-саттықты қолдаса, екінші жағынан Ресей мен Қытай арасындағы қалыпты ынтымақтастықты бұзуы олардың шектен шыққан екіжүзділігін көрсетеді.