АЛМАТЫ, 27 маусым - Sputnik. ҚР қарулы күштері "Мызғымас бауырластық-2024" бітімгерлік күштерді командалық-штабтық оқу-жаттығуға дайындау жөніндегі екінші штабтық келіссөздер өткізді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мүдделі ведомстволар өкілдері, Біріккен штаб офицерлерінің тобы және ҰҚШҰ Хатшылығының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында осы жылдың қыркүйек айында Алматы облысының "Жағалау" полигонында өтетін оқу-жаттығу аумағына барлау жүргізілді.
"Тараптар оқу-жаттығудың идеясын, ҰҚШҰ ұжымдық бітімгерлік күштеріне бөлінетін бірлескен қолбасшылық пен ұлттық контингенттердің құрамдарын, практикалық іс-қимылдардың тәртібі мәселелерін қарап, келісті. Келіссөздердің қорытындысы бойынша делегация басшылары тиісті хаттамаға қол қойды", - деп жазды ведомство.
Естеріңізге сала кетсек, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің бітімгерлік контингенттеріне арнайы дайындалған әскер, полиция және азаматтық персонал, сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттер бөлетін күш-құралдар кіреді. Олардың жалпы саны 4000-ға жетіп жығылады.
"Бұл оқу-жаттығу ҰҚШҰ әскерлерінің топтарын басқару органдары лауазымды тұлғаларының тәжірибелерін арттыру және ұжымдық қауіпсіздік жүйесі құрамаларының, күш-құралдарының іс-қимылын үйлестіру мақсатында өткізіледі", - дейді министрлік.