АСТАНА, 26 маусым – Sputnik. Түркістан облысындағы жеке меншік балабақшада бірнеше бала тамақтан уланып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық әкімдік ұсынған ақпаратқа сәйкес, 24 маусымда Келес ауданындағы жекеменшік балабақша тәрбиеленушілері жеткізілді. Оларда тағамнан улану белгілері болды.
"Науқастарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп, зертханалық тексеруге сынамалар алынды. Балалар үйлеріне қайтарылды. Олар үйлерінде амбулаторлық бақылауда болады. Үшеуі инфекция бөлімінде ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы бірқалыпты", - дейді мамандар.
Қазіргі кезде инфекция көзі мен таралу жолдары зерделеніп жатыр. Зертханалық сараптаманың нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беріледі. Ал полиция санитарлық ережелерді бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады. Олар да сараптаманың негізінде шешім қабылдайды.