Қазақстанда автокөлік өндірісі мамырда 34%-ға төмендеген

Сұр импортпен айналысатын импорттаушылар автонарыққа әсер етті, дейді мамандар
Sputnik
АСТАНА, 26 маусым – Sputnik. 2024 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында 55 985 автомобиль шықты, деп хабарлады "Қазақстанның Автокөлік Одағы" баспасөз қызметі.
"Биылғы жылдың бес айында жалпы құны 720,4 млрд теңге құрайтын 55 985 техника конвейерден түскен. Өндіріс көлемі былтырғы қаңтар мен мамыр арасындағы көрсеткіштен (58 505 бірлік) 4,3% аз", - деп жазылған хабарламада.
Ал мамырдағы көрсеткіш былтырғы нәтижемен салыстырғанда 34%-ға төмен, бұл айда Қазақстандағы зауыттар бар-жоғы 9 091 бірлік әр түрлі дөңгелекті техника өндірген.
Одақ президенті Анар Мақашеваның айтуынша өндіріс көлеміне сұр импорт әсер етіп жатыр.
"Айдан айға сауда мөлшерінің қысқаруы (мамырда тағы 9,7% түсті) алдағы айларға өндіріс орындарына беретін тапсырыс көлемінің де өзгеруіне әкелді. Кедендік одақ пен үшінші елдерден ескі әрі заң тұрғысынан таза емес машиналарды оңды-солды әкелу автонарыққа әсер етті. Сұр импортпен айналысатын және криминалдық белгілері бар импорттаушылар заңсыз машина сатады. Бұл салық төлеп отырған өндірушілерге де, импорттаушыларға да ықпал етеді", - дейді ол.
Бес айдың қорытындысы бойынша Қостанайдағы Allur зауыты 35 549 бірлік техника шығарды (+0,6%).
Алматыдағы кәсіпорындар (Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty) 16 700 бірлік жеңіл және коммерциялық автомобиль құрастырды (-15,2%).
Семейдегі СемАЗ бен Daewoo Bus Kazakhstan клиенттеріне 2 065 бірлік коммерциялық техника жөнелтті (+13,8%).
Қарағанды облысында (QazTehna) 525 бірлік техника шықты (+45%).
Көкшетауда (КАМАЗ-Инжиниринг) 360 бірлік коммерциялық техника конвейерге тұрды (-17,6%).
Басқа кәсіпорындар 756 бірлік машина өндірген.
2024 жылдың қаңтар мен мамыр аралығында елдегі зауыттар ең көп өндірген бес жеңіл танымал көлік брендтері (экспортты қосқанда):
1.
Hyundai (16 551 бірлік),
2.
Chevrolet (12 776),
3.
Kia (11 384),
4.
Jac (6 030 ),
5.
Jetour (4 649).
Модельдер қатарында:
1.
Chevrolet Cobalt (10 531 бірлік),
2.
Hyundai Tucson (9 307),
3.
Kia Sportage (5 365),
4.
Jetour X70 (2 940),
5.
Jac J7 (2 736).