Бұқтырма арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы қалай жүріп жатыр – фото

21 тіректің 18-і салынып, қалған үш тірек бойынша жұмыстар жалғасып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 26 маусым – Sputnik. Көлік министрі Марат Қарабаев Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылыс барысын тексерді.
Жалпы ұзындығы 1316 метр екі жолақты автомобиль көпірінің аймақ үшін стратегиялық маңызы зор.
Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы
Құрылыс нысаны Шығыс Қазақстан облысының Жарма, Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Зайсан, Алтай аудандары арасындағы көлік құралдарының үздіксіз қозғалысы үшін маңызды.
"Салынып жатқан көпір өткелінің жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайды. 21 тіректің 18-і салынып, қалған үш тірек бойынша жұмыстар жалғасып жатыр", - деп жазылған Көлік министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Нысанда арнайы айлақ, жиынтықтаушы бөлшектерді дайындауға арналған уақытша құрылыс алаңдары жұмыс істейді, сондай-ақ инженерлік желілер тартылған.
Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы
Жұмысты жеделдету мақсатында көпірдің құрылысы бір мезгілде сол және оң жағалаудан қатар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта уақытша технологиялық көпірдің құрылысы толығымен аяқталған. Бұл аталған құрылыс жұмыстарын орындау үшін қажетті алаңдармен қамтамасыз ететін аумақ. Кірме жолда жер төсемін орнату және құм-қиыршық тас төсеу жұмыстары аяқталды.
Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы
Алдағы уақытта жалғасатын құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған барлық қажетті материал дайын. Учаскедегі жұмысшылар екі ауысымда істейді, жалпы саны 200-тен астам адам жұмылдырылылған.