АСТАНА, 25 маусым – Sputnik. Ұлан ауданында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында бағалы металдарды іздеу үшін тиісті лицензиясыз жер қазумен айналысқан заңсыз кеншілердің екі тобы анықталды. Бұл туралы ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мәлім етті.
Мәлім болғандай, кеншілер 4 металл іздегішті пайдаланған, олар кейіннен тәркіленген.
Сонымен қатар, жайылымдық жерлерде арнайы техниканы пайдаланып жер қойнауын заңсыз өндіру салдарынан қоршаған ортаға зиян келтіру фактісі анықталды.
"Анықталған заң бұзушылықтар бойынша материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін полицияға жіберілді. Бұл ретте полицейлер жайылымдық жерлерді пайдалану кезінде зардап шеккендерді анықтау шараларын жүргізіп жатыр", — делінген хабарламада.
Прокуратура органдары маусымдық сипатты ескеріп, жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша қарқынды жұмысты жалғастырмақ.