"Голливудқа айналдыруға болады": Сатыбалды Қоянбаевтың креативті ұсыныстарын тыңдады

Түркістанды Голливуд сияқты кино әлемінің қаласына айналдыруға мүмкіндіктер көп, дейді продюсер
Sputnik
АСТАНА, 25 маусым – Sputnik. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елімізге танымал продюсер, актер Нұрлан Қоянбаевты қабылдады, деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде Түркістан өңірінде киноиндустрия мен креативті экономиканы дамыту бағытындағы жаңа жобалар жан-жақты талқыланды.
Облыс басшысы өңірдің мәдениетін дамытуға бағытталған жаңа жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
"Еліміздің тарихын танытып, көрнекті жерлерін насихаттап, тұлғаларын дәріптеудің бірден бір жолы – кино және анимациялық туындыларды шығару. Түркістанды халықаралық жастар орталығына айналдыруды көздейміз. Біз бұл бағыттағы креативті ұсыныстарға ашықпыз. Отандық өнімдерді қолдаймыз", – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде Нұрлан Қоянбаев жаңарған Түркістанның өзгерістерін жоғары бағалап, киелі шаһардың өзіндік ерекше атмосферасын тілге тиек етті. Бірқатар жобаны таныстырып, кино түсіруге арналған қалашық салу, ел назарын аударатын фестивальдар ұйымдастыру, телеарна жұмысына танымал тұлғаларды тарту, өңірдің брендіне айналатын кино түсіру, туризм саласына оң серпін беретін "Түркістан апталығын" ұйымдастыру бойынша және басқа да ұсыныстарын жеткізді.
"Түркістанды Голливуд сияқты кино әлемінің қаласына айналдыруға мүмкіндіктер көп. Облыс қабілеті ұшқыр, креативті, талантты және өнерлі жастарды біріктіретін орта болатынына көзіміз жетті", – деді танымал продюсер.
Кездесу соңында бірлескен жобаларды жүзеге асыру келісілді. Киелі шаһарға сапар барысында Нұрлан Қоянбаев "Алатау" медиа орталығы, өндірістік парк және туристік кешендерді аралап шығып, өңір мүмкіндіктерімен танысты.