АСТАНА, 25 маусым – Sputnik. Жылу электр станцияларында жөндеу жұмыстарының мерзімі биылдың өзінде 18 рет ауысқан. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
"Биыл мамыр айының басында жөндеу мерзімін ұзартуға және олардың көлемін азайтуға жол бермеу туралы тапсырма бердім. Алайда КЕГОК операторы бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесіне меншік иелерінің қалауы бойынша үнемі өзгерістер енгізіліп отырады", — деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, биылдың өзінде кестеге 18 рет жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша өзгерістер енгізілген.
"Бұл әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің қатысуынсыз және келісімінсіз жасалды", - деп ашуланды үкімет басшысы.
Екібастұз, Теміртау, Тараз және Жезқазған қалаларында негізгі өңірлік жылу көздері бойынша кесте өзгертілген.
Осыған байланысты бірінші вице-премьер Роман Склярға уақытылы жаңғырту және жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауға алу тапсырылды.
"Роман Васильевич, жергілікті жерлерде қажетті жедел шешімдер мен қатаң шаралар қабылдаңыз. Жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударыңыз", — деп тапсырды Олжас Бектенов.