АСТАНА, 24 маусым – Sputnik. Биыл ҰБТ-ның нәтижесі бойынша тегін оқуға түсе алмаған талапкерлер арасында 300 сараланған грант үлестіріледі. Ғылым және жоғары білім министрлігі гранттарды беру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жоғары білім комитеті ұсынған ақпаратқа сәйкес, сараланған гранттардың тәжірибесі алғаш рет қолға алынып отыр. Биыл пилоттық жоба аясында 300 грант бөлінді.
"Сараланған гранттар ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша жоғары балл жинаған, бірақ грантқа ие болмаған талапкерлерге конкурстық негізде беріледі", - дейді комитет мамандары.
Министрдің 118 бұйрығына сәйкес, сараланған гранттар нақты екі бағытқа бөлініп отыр. Олар:
6B01 Педагогика ғылымдары – 150 грант;
6В03 Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 150 грант.
Сараланған грант конкурсына қатысу үшін қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша балл саны жағынан грант алғандардан кейін тұрған талапкерлер сараланған грантқа ие болады.
Әзірше сараланған грант бойынша оқудың төлемақысы 50/50 болып белгіленіп отыр. Бұл дегеніміз, жартысы бюджеттің есебінен өтелсе, қалғанын студенттің өзі төлейді. Бірақ сараланған грант иегерлеріне толық көлемде стипендия да төленеді.
Комитет мамандарының айтуынша, пилоттық жобаның нәтижесі бойынша талдау жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданады. Сондықтан сараланған гранттардың тәртібі тағы өзгеруі мүмкін.