АСТАНА, 24 маусым – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" директорлар кеңесінің отырысында қордың сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін 88%-ға жеткізуді тапсырды.
Стратегиялық маңызы бар бастамалар тізбесіне жиынтық сомасы 26,9 трлн теңге болатын 44 жоба кіреді, олардың 11-і бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде Қазақстанда құрылыс кезеңінде 53 мыңнан астам жұмыс орны және пайдалану кезеңінде шамамен 11 мың жұмыс орны ашылады.
"Экономика үшін басым жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылды. Биыл 105,1 млрд теңге объектілерді газдандыруға, 272 млрд теңге жалға берілетін тұрғын үй салуға, 680 млрд теңгеден астам сома инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады", - деп жазылған хабарлдамада.
Бұдан басқа, "Самұрық-Қазына" Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялауға, "Талдықорған – Үшарал" магистральды газ құбыры мен "Дарбаза – Мақтаарал" теміржол желісін салу үшін қаражат тартуға ниетті.
Қор Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд м3 болатын газ өңдеу зауытын салуды жалғастыруда, ондағы мақсат – шикі мұнай өндіруді ұлғайту және шикі ілеспе табиғи газды ұтымды пайдалану. Сондай-ақ мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту – полиэтилен шығару жөніндегі газ-химия кешенін және полиэтилен шығаратын зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін газ бөлу кешенін салу жоспарда бар.
Үкімет басшысы Қор экономикасын әртараптандырудың маңыздылығын атап өтіп, барлық еркін өтімділікті стратегиялық маңызды жобаларды іске асыруға және негізгі салаларды қолдауға бағыттауды тапсырды.