АЛМАТЫ, 24 маусым - Sputnik. Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуіне байланысты оқу жылының басталу уақыты өзгеруі мүмкін. Бұл қалалық трафиктің жүктемені азайту үшін жоспарланған.
"Білім және ғылым министрлігі талқылайтын тағы бір нұсқа – "Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарындағы мектептерді онлайн оқыту форматына көшіру", - деді туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
V дүниежүзілік көшпенділер ойындары - этникалық спорт түрлерінен халықаралық спорттық жарыс. Ол тарихи көшпелі халықтардың халық ойындарына негізделген, адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған.
Жарыс биыл 8-13 қыркүйекте Астанада өтеді. 21 спорт түрінен 85-тен астам елдің қатысушылары бақ сынайды. Байрақты додаға екі мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.