Солтүстік Қазақстанда 910 шақырым су құбыры салынады

Бұл жұмыстар 340 мыңға жуық тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етеді
Sputnik
АСТАНА, 23 маусым - Sputnik. Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Қазақстан облысында 910 шақырым су құбырын салу және реконструкциялау жұмысын бастады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
"Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Қазақстан облысында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырып жатыр. Жаңадан салынатын және қайта жаңғыртылатын су құбырларының жалпы ұзындығы – 910 шақырым", - деп жазылған хабарламада.
Бұл жұмыстар 251 елді мекенді сумен қамтамасыз ету сапасын арттырып, 340 мыңға жуық тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер етеді.
"Бағдарлама аясында Соколов, Көкшетау, Булаев, Есіл, Преснов топтық су құбырларын қайта жаңарту мен жаңадан салуды қамтитын он ірі жоба іске асырылады. Бұл жұмыстар Солтүстік Қазақстан облысында сенімді су жүйесін құруға және ауыз судың сапасын арттыруға бағытталып отыр",- деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.