Маржықпаев: Қазақстан құрамасының БРИКС ойындарындағы көрсеткіші жаман емес

Команда қоржынында екі алтын, 10 күміс және он жеті қола медаль бар
Sputnik
АСТАНА, 23 маусым – Sputnik. Қазақстанның спорт министрі Ермек Маржықпаев "Спорт-Экспресс" басылымына берген сұхбатында БРИКС ойындарының форматы бірегей және өзіне ұнағанын айтты.
Министр әсіресе фиджитал футболдан Ресей мен Қазақстан құрамалары арасындағы финалды ерекше атап өтті.
"Тамаша, таза ойын болды, жігіттер барын салды, ал нәтижесі... енді спорттың аты спорт қой", - деді Маржықпаев.
"Алаң иелерін іс-шараны тамаша ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамын, біз мұнда бірінші рет шағын құраммен, 114 адаммен келдік. Медаль бойынша ондыққа ендік. Бұл жаман көрсеткіш емес деп есептеймін", - деп толықтырды министр.
Татарстандағы БРИКС ойындарының жабылу салтанаты бүгін өтеді. Қазақстан құрамасы медальдық есепте 10-орынға ие болды. Команда қоржынында екі алтын, 10 күміс және он жеті қола медаль бар.
Ресей құрамасы 262 алтынды иеленіп, жалпыкомандалық есепте мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Сонымен қатар ресейліктер 141 күміс және 99 қола алды.
Екінші орынды Беларусь (55 алтын, 85 күміс, 107 қола), үшінші орынды Қытай (20 алтын, 24 күміс, 18 қола) иеленді.