Жетісай қаласында білім бөлімі басшы есепшілері мемлекет қаржысын жымқырған

Sputnik
АСТАНА, 22 маусым – Sputnik. Түркістан облысы прокуратурасы Жетісай ауданы білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр.
Тергеу барысында аудандық білім бөлімінің басшылығы мен есепшілері өздерінің, сондай-ақ туыстары мен таныстарының есепшотына белгіленген жалақыдан жоғары ақша аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жасағаны анықталды.
2021-2023 жылдар аралығында мемлекетке 4 млрд теңгеден астам залал келген.
Облыс прокуратурасының арнайы прокурорлары 41 қызметкерді, оның ішінде 2 білім бөлімінің басшысын, 1 бас есепші, 2 орынбасарын және 36 есепшіні күдікті ретінде таныды.
Ауданның бұрынғы және қазіргі білім бөлімінің басшылары изоляторға жабылып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастырудың барлық мән-жайы мен фактісін анықтауға бағытталған тергеу жүріп жатыр.
Өзге ақпарат ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес жарияланбайды.