АСТАНА, 22 маусым – Sputnik. Қазақстанның Бас прокуратурасы Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықовты атып кетті деп айыпталған күдіктілердің біреуі қамалғанын хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас прокуратура 18 маусымда Киев қаласында Айдос Садықовқа жасалған қастандық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Украинаның құқыққорғау органдары жеделдігі мен кәсібилігін көрсете отырып, қысқа мерзімде осы қылмысты жасаған тұлғаларды анықтады.
"Бас прокуратура Украинаның құзіретті органдарына Жақанбаев пен Қаратаевтың жасалған қылмысқа қатысы туралы қылмыстық істің материалдарын беру жөнінде халықаралық тергеу тапсырмасын жолдады. 21 маусымда Алтай Жақанбаев Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алынды. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталды" деп хабарлады ведомстводан.
Мейрам Қаратаевтың қайда жүргенін анықтау үшін жедел іздестіру шаралары жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, 18 маусымда Киевте тұратын журналист Айдос Садықовты үйінің жанында әлдебіреулер атып кетті. Ол қазір ауруханада жатыр.