83 жыл бұрын Германия Кеңес Одағына шабуыл жасады

1941 жылдың 22 маусымында Ұлы Отан соғысы басталды. 1992 жылдан бастап Ресейде бұл күн күнтізбеге еске алу және аза тұту күні ретінде енгізілген
Sputnik
АСТАНА, 22 маусым – Sputnik. Барлау деректері Адольф Гитлердің жоспарлары туралы алдын ала ескерткеніне қарамастан, фашистік Германияның 1941 жылдың 22 маусымында таңғы сағат 4-те Кеңес Одағына жасаған опасыз шабуылы ел басшылығын абдыратты.

Германияның КСРО-ға опасыз шабуылы

Әр уақытта жарияланған сенімді тарихи құжаттарда көрсетілгендей, Адольф Гитлер және оның серіктері Кеңес Одағына шабуыл жасау жоспарын басып алудан бір жылдан аз уақыт бұрын - 1940 жылдың шілдесінде дайындай бастады. Осы уақытқа дейін фашистік неміс басқыншылары Нидерланды, Люксембург, Бельгия, Норвегия және Данияны басып алып үлгерді. Францияның неміс әскери машинасының алдында іс жүзінде ешқандай қарсыласу мүмкіндігі болмады, ал британиялықтар өздерінің қарулы күштерін континенттен шығаруға мәжбүр болды.
КСРО-ға шабуыл жасаған Германия және оның еуропалық одақтастары жедел соғыс деп аталатын стратегияға сүйенді. Оның міндеті кеңестік мемлекетін мүмкіндігінше тезірек жою және ел байлығын иелену, сонымен бірге Оралға дейінгі аумақтарды германизациялау болды. Басқыншылық 1941 жылдың 22 маусымында таңғы сағат 4-те неміс әскерінің жаппай шабуылымен басталды. Жаудың жүздеген ұшағы ең алдымен стратегиялық нысандарға соққы беруге бағытталды.
Елдің батысындағы бүкіл шекара бойында және шамамен 300 шақырым тереңдікте КСРО әскери-теңіз базалары, аэродромдар мен темір жол станциялары бомбаланды. Алғашқы ауыр соққы Беларусь, Украина және Балтық жағалауы елдеріне жасалды. Люфтваффе ұшақтарынан мыңдаған бомбалар Киев, Житомир, Брест, Гродно, Вильнюс, Каунас және басқа да бірқатар кеңестік қалаларға тасталды.
Сол кезде бұл елді мекендердің тұрғындары 1418 күнге созылып, 27 миллионнан астам кеңес жауынгерлері мен бейбіт тұрғындардың өмірін қиған Ұлы Отан соғысының басталғанын әлі білмеген еді. Немістердің елге шабуыл жасағаны туралы радиодан Сыртқы істер халық комиссары Вячеслав Молотов хабарлады. Оның осы жолдауында соғыс алғаш рет "Отан соғысы" деп аталды.
"Біздің халқымыз тұтқиылдан шабуыл жасаған жаумен бірінші рет шайқасып отырған жоқ. Бір кездері Наполеонның Ресейге жасаған жорығына еліміз Отан соғысымен жауап беріп, Наполеон жеңіліске ұшырады. Біздің елге қарсы жаңа соғыс жариялаған Гитлер де осы күйді кешеді. Қызыл армия және бүкіл халық Отан үшін, ар-ождан үшін, азаттық үшін Отан соғысында шайқасады. Біздікі дұрыс. Жау жеңіледі. Біз жеңіске жетеміз!", - деді Молотов өз үндеуінде.

ҰОС басталуына не себеп болды

Шындығында, ресми басталу күні 1939 жылдың 1 қыркүйегі болып табылатын Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына дайындықтарға гитлерлік Германия алдын ала кіріскен. Сонау 1938 жылы Ұлыбритания, Франция және Германия арасында Германияның бұрыннан таласы болған Судет облысын Чехословакияның немістерге беруі туралы Мюнхен келісіміне қол қойылды. Ұлыбритания мен Франция Германияның Судет аймағына талаптарын қолдады, өйткені олар тыныштық саясатын жүргізді. Ымыраға келудің арқасында олар Гитлердің мақсатын әлсіз мемлекеттер есебінен, тіпті КСРО есебінен қанағаттандыруға үміттенді.
1938 жылдың қазанында Чехословакия бөлінгеннен кейін Гитлер Польшаға талап қойды. 1939 жылдың наурызында ол Данциг қаласын беруді талап етті. Сол кезде Литва Германияның қауіп-қатерінен қорқып, оған Клайпеда облысын беруге мәжбүр болды. Польша Данцигті беруден бас тартқаннан кейін Гитлер Польшаға қарсы әскери операция дайындай бастады. Жағдайдың қалай шиеленісіп бара жатқанын байқаған Мәскеу 1939 жылдың сәуірінде Франция мен Ұлыбританияны өзара көмек туралы келісім жасауға шақырды, бірақ оның бұл ұсынысы қабылданбады.
Ол ұсыныс Мәскеудің екінші рет қайта жолдауынан кейін бір айдан соң қабылданды. Кеңес одағы Орталық және Шығыс Еуропаның шағын елдеріне бірлескен кепілдіктер беруді көздеді. Бірақ келіссөздер өте баяу өтті. Дәл осы кезеңде Германия Кеңес одағының басшылығымен байланыс жасады. 1939 жылдың тамыз айының соңында Мәскеуде КСРО мен Германия арасында шабуыл жасамау туралы пактіге қол қою осы байланыс нәтижесі болды. Кеңес Одағы Германиямен шабуыл жасамау туралы келісімге отырған соңғы мемлекет болды. Осыған ұқсас келісімдер Польша, Франция, Ұлыбритания, Эстония, Литва және Латвиямен арада жасалған.
1939 жылдың қазанында КСРО Балтық жағалауы республикаларымен өзара көмек туралы пактілер жасады. Құжаттарға сәйкес, тараптар бір-біріне, соның ішінде әскери жағынан да көмектесуге ниеттерін білдірген. Бұл ретте Мәскеу Балтық жағалауы елдеріне қосымша әскери бөлімдерді енгізуді жоспарлаған жоқ. 1940 жылдың мамыр айының соңында бәрі өзгерді. Өйткені Литва Германиямен өзінің протекторатын қабылдауды талқылай бастап, осылайша Кремльмен келісімді бұзды. Неміс әскерінің Батыс елдерін тез жеңулері екінші себеп болды, бұл КСРО-дан өз позицияларын нығайтуды талап етті. Нәтижесінде 1940 жылдың жазында Латвия, Литва және Эстония Кеңес Одағының құрамына кірді.
Неміс әскерлері Польшаға шабуыл жасағаннан екі күн өткен соң Англия, Франция, Жаңа Зеландия және Австрия Германияға соғыс жариялады. Кейіннен ол "Біртүрлі соғыс" деп аталды, өйткені теңіздегі шайқастарды қоспағанда, соғысып жатқан мемлекеттер арасында іс жүзінде ешқандай қақтығыс болған жоқ. Осылайша Гитлер 1939 жылдың 3 қыркүйегінен 1940 жылдың 10 мамырына дейін поляк жорығын сәтті жүргізіп, Дания мен Норвегияны басып алып, Францияға басып кіруге дайындалды. Кеңес Одағына қарсы соғыстағы негізгі құжат, "Барбаросса нұсқасы" № 21 директиваға Гитлер 1940 жылдың желтоқсанында қол қойды.
КСРО-ға шабуыл жасалған күні ол неміс азаматтарына өзінің әрекетін Мәскеудің үнемі арандатушылықтар ұйымдастырып отырғанын айтып түсіндірді. Шындығында Гитлер экспансионистік саясат жүргізді. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепкер болған дәл осы саясат.

Ұлы Отан соғысынан кейін

Қазірдің өзінде тарихшылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан 27 миллион кеңес азаматы деген деректі келтіре отырып, оның дұрыстығына сенімді емес. Қазіргі уақытта қолда бар деректерге сүйенсек, соғыста сегіз миллион жеті жүз мың адам қаза тапты, оккупацияланған аумақтарда жеті жарым миллионға жуық адам фашистердің қолынан қаза тапты, төрт миллионнан астам адам ауыр оккупация жағдайында қаза тапты. Тағы бес миллионнан астам адам Германияға мәжбүрлі жұмысқа жіберілді, олардың жартысынан сәл астамы елге тірі оралды.
Соғысқа 60-тан астам елі қатысқанына қарамастан, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі барлық адам шығынының 40%-ға жуығы Кеңес Одағына тиесілі. Бұл деректер фашистік Германияны жеңуге шешуші үлес қосқан, оның орасан зор құнын өтеген кеңес халқы екенін айшықтайды. 1945 жылдың 8 мамырында Кеңес Одағының өкілі Жеңіс маршалы Георгий Жуков фашистік Германия мен оның қарулы күштерін сөзсіз капитуляциялау актісіне қол қойды.
Ресми нұсқа бойынша, бірнеше күн бұрын, дәлірек айтсақ, 1945 жылдың 30 сәуірінде Адольф Гитлер Берлиндегі бункерінде өз тапаншасынан өзін атып өлтірген. Оның әйелі Ева Браун да калий цианидін ішіп, өз-өзіне қол жұмсаған. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін фашистік Германияның бірқатар әскери қылмыскерлеріне қарсы Нюрнберг процесі өтті.
1945 жылдың 20 қарашасында антигитлерлік коалицияның төрт елінен өкілдік ететін сегіз судьядан тұратын Халықаралық әскери трибунал алдындағы сот процесінде фашистік Германияның бұрынғы басшылар тобына қылмыс жасады деген айып тағылды. Айыптау қорытындысы төрт тармақты қамтыды: бейбітшілікке қарсы қылмыстар, адамзатқа қарсы қылмыстар, соғыс заңдарын бұзу (әскери қылмыс) және осы қылмыстық әрекеттерді жасауға сөз байласу.
1946 жылдың 1 қазанына қарай Халықаралық әскери трибунал сот талқылауының негізгі құқықтық принциптері және жеке тұлғаларға нақты үкімдер бойынша ортақ ұстанымдары тұжырымдалды. Екі айыпталушыға қатысты іс тоқтатылды, үшеуі ақталды, төртеуі 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, үшеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылды, 12 айыпталушы дарға асу жазасына кесілді. Олардың ішінде он адам 16 қазан күні дарға асылды.