АСТАНА, 21 маусым - Sputnik. Сиань қаласында Қытай - Орталық Азия азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының бірінші конференциясы шеңберінде (С5+1) Қазақстан мен Қытай авиация билігі бірқатар келісім жасады, деп хабарлады Көлік министрлігі.
Нәтижесінде екі ел арасындағы әуе рейстерінің саны аптасына 124-ке дейін жетеді және жүк тасымалына шектеу қойылмайтын болды. Сонымен қатар тасымалдаушылар саны артып, Қытай аумағында жаңа пунктер қосылды.
"Қазақстандық авиакомпаниялар Хайнань аралындағы (Санья, Хайкоу және Цюнхай қалалары) пункттерге, оның ішінде бесінші, алтыншы және жетінші "ауа еркіндігін" пайдалана отырып, шексіз рейстерді орындау құқығына ие болды", - деп жазылған хабарламада.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел арасында алғаш рет "ашық аспан" режимі орнатылды, оның шеңберінде екі елдің тасымалдаушылары "ауа еркіндігінің" бесінші дәрежесін пайдалана отырып, аптасына 42 рейске дейін орындай алады.
"Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы тасымалдаушылары "ауа еркіндігінің" бесінші дәрежесін пайдалану арқылы Қытайға рейстерді орындау құқығына ие болған әлемдегі санаулы елдердің бірі (АҚШ және бірқатар Еуропа елі) болды", - деп жазды ведомство.