Армения ҰҚШҰ-ның одақтасы болып қала береді – Тасмағамбетов

Сондай-ақ Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ҰҚШҰ мүшелері ұйымнан шығудың ықтимал салдарын талқылау үшін Армениядан қандай да бір хабарлама алмағанын айтты
Sputnik
АСТАНА, 21 маусым – Sputnik. Армения ҰҚШҰ-ның одақтасы болып қала береді, Ереван алдындағы барлық міндеттеме күшінде қалады, деп мәлімдеді ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов.
"Армения біздің одақтасымыз болды және болып қала береді, біздің Армения алдындағы барлық міндеттемеміз күшінде қалады", - деді ол журналистерге Армения тарапы қатыспаған ҰҚШҰ сыртқы істер министрлері кеңесі отырысының қорытындысы бойынша.
Оның айтуынша, Ереванның ұйымда қалу немесе одан шығу дербес құқығы, бірақ ұйым Армения тарапының оның мүшелігіне қатысты жағдайды анықтауын күтіп отыр. Ол сондай-ақ ҰҚШҰ-ны қаржыландырудан бас тарту мәселесі жөніндегі сұрақты Арменияға қою керектігін айтты.
Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров баспасөз мәслихаты барысында ҰҚШҰ мүшелері ұйымнан шығудың ықтимал салдарын талқылау үшін Армениядан ешқандай хабарлама алмағанын айтты.
2024 жылдың ақпанында Ереван ҰҚШҰ-ға қатысуын уақытша тоқтатқанын хабарлады. Бұл шешім Армения билігінің Әзербайжанмен 2020 және 2023 жылдардағы қақтығыстың шиеленісуінен, сондай-ақ осы кезеңдегі шекаралық қақтығыстардан кейін ұйымды және Ресейді өз міндеттемелерін орындамады деп бірнеше рет айыптауына байланысты қабылданды.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян "ҰҚШҰ Армения алдындағы қауіпсіздік саласындағы міндеттемесін орындаудың орнына, керісінше, оған қиындықтар туғызатынын" атап өтті, ал наурызда ол Арменияның ұйымнан шығуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Тоқаев пен Тасмағамбетов ҰҚШҰ оқу-жаттығу жиындарына дайындық мәселесін талқылады