АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Польша билігі 1 шілдеден бастап украиналық босқындарды жеке секторға орналастырғаны үшін төлемдерді алып тастау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды IAR ақпараттық агенттігі. Бұл туралы РИА Новости жазды.
Бұған дейін Украинадан келген босқындарды өз үйлеріне орналастырған азаматтарға әр адам үшін күніне 40 злотый (шамамен 10 доллар) төленетін. Сондай-ақ босқындардың өздері үшін 300 злотый (шамамен 75 доллар) көлеміндегі біржолғы төлемдер де тоқтатылады.
"Польша үкіметі "40+" жәрдемақысын алып тастауды ұсынып, мұны жүйенің сенімділігін қамтамасыз етудегі қиындықтармен түсіндірді. Бұл бағдарлама бойынша Украина азаматтарының өздері жіберген өтініштерінің көбеюі олардың өз отбасы мүшелерін орналастырып жатыр ма деген күмән тудырды", - деп хабарлады IAR.
Польша ішкі істер министрлігінің мамыр айындағы мәліметі бойынша, елде тұратын 950 мыңнан астам украиналық осы тіркеуден өткен. БҰҰ болжамы бойынша, жыл соңына дейін Польшада 1,1 миллион босқын болады.