Биыл елімізде сегіз шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдіктері ашылады

Sputnik
АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Биыл елімізде сегіз шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдіктері ашылады, деп мәлімдеді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде үздік шетелдік бес жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырма берген болатын. Қазірдің өзінде 20 шетелдік білім беру ордаларына Қазақстанда өкілдік ашу туралы шақырту жіберілді. Биыл 8 филиал ашылады.
Оның хабарлауынша, ведомство Қазақстанды Еуразия аймағындағы үлкен академиялық хабқа айналдыруды жоспарлап отыр. Ол үшін елге мықты шетелдік брендтерді әкелу қажет.
"23 академиялық серіктестігіміз екі-ақ жылдың ішінде ойылып ашылып жатыр. Қазақстанда 3 шетелдік мықты университеттердің кампустары ашылады. Яғни 5 санатымыз бар. Шетелдік университет Қазақстанға келіп, өз инвестициясымен ақшасын құйып, ғимаратын салып немесе сатып алып, шетелдік форматпен оқуын бастауға рұқсат бере бастадық. Олар арнайы үкіметтік қаулылармен жұмысын атқаруда. Мысалы, Алматыда De Montfort университеті. Келесі жылы тұңғыш түлектеріміз шығатын болды. Бұл британдық университет Қазақстанға келіп, өз британдық формат, қабылдау академиялық саясаты негізінде британдық бакалавриат дәрежесін беруге мүмкіндік беріп отырмыз", – деді спикер.
Сондай-ақ Қазақстанда британдық Coventry университетінің кампусы ашылады. Оған 8 га жер бөлінді. Астана қалалық әкімдігі қолдау білдірді. Оқу орны 16 қыркүйектен бастап жұмысқа кіріседі. Кореялық Woosong университетінің Түркістан қаласындағы кампусы ашылады.
Осы білім ордаларын бітірген түлектер шетелдік диплом алғандықтан, толыққанды сол елдерде жұмыс істей алады.
Айта кетерлігі, Қазақстанда тек ЖОО-ы ғана емес, түрлі шетелдік шеберхана өкілдіктері де ашылатын болады. Олар техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша маман дайындайды.
Жоғары оқу орындарында әскерге барғандарға 1 500 тегін орын бөлінді