АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Астанада автобуста жол жүру ақысын төлемей жүретін жолаушыларды анықтаудың тағы бір жолын тапты. Қазіргі кезде "City Transportation Systems" компаниясы бейнеаналитика жүйесін сынақтан өткізіп жатыр. Мамандар оны "инновациялық жоба" деп отыр. Себебі жаңа жүйенің арқасында билетсіз жүрген жолаушыларды ғана емес, қалта ұрыларын да анықтауға мүмкіндік бар. Sputnik Қазақстан тілшісі жаңа жүйенің жұмысымен танысып қайтты.
"Қояндардан" біраз ақша түспей жатады
Пилоттық жоба аясында № 24 бағдарда жүретін бір автобуста камералар, роутерлер мен борттық компьютер орнатылды. Камералар кірген жолаушыларды тіркейді, ал арнайы экранға соңғы аялдамадан мінген жолаушылардың саны шығып тұрады. Астында бір күннің ішінде автобусқа отырған адамдардың жалпы саны да көрсетіледі. Одан кейін ақпараттық жүйе оны төлем жасағандармен салыстырады. Осылайша, билетсіз жүрген жолаушылардың саны анықталады.
"CTS" ЖШС төлем жүйелері департаментінің бас менеджері Ғалымжан Шәріпбаевтың айтуынша, жаңа жүйе билетсіз жолаушылар көп жүретін бағдарлар мен аялдамаларды анықтауға мүмкіндік береді.
"Ақпараттық жүйе барлық ақпаратты нақты уақыт режимінде талдап, көліктік бақылау департаментіне жібереді. Сонда олар кез келген бағдардағы жол ақысы көп төленбейтін уақыт пен учаскелерді көріп отырады және бақылаушыларды дәл сол жерлерге жібереді. Осылайша, бақылау қызметінің жұмысын да оңтайландыруға мүмкіндік бар. Олар барлық жерде жүрмей, билетсіз жолаушылар көп жүретін аялдамаларды ғана тексереді", - дейді Шәріпбаев.
Қазірдің өзінде №24 бағдарда мыңдаған адамның билетсіз жүргені анықталды. Ал қала бойынша ондай "қояндардың" саны аз емес. Солардың кесірінен автобус парктері біраз шығынға батып отыр.
"Біздің есебімізге сәйкес, жол ақысын төлемейтін жолаушылардан бір жылда 3 миллиардқа теңгеге жуық ақша түспеген. Ал ол қаражатқа жаңа автобустар мен құрал-жабдықтарды сатып алуға болар еді", - деп атап көрсетті Шәріпбаев.
Осы орайда компанияның бас менеджері жол ақысын төлемей қашып жүретін жолаушылар жиі мінетін аялдамаларды да атады. Соның ішінде Министрліктер үйі, "Гүлжан" сауда үйі, Астаналық базар сияқты жерлер бар.
Бет-әлпетінің фотосы сақтала ма
Жолаушылардың санын есептейтін жүйе әрбір адамның бет-әлпетін белгілейді, экранға нөмірі де шығып тұрады. Sputnik Қазақстан тілшісі жолаушыларың бет-бейнесі фотоға түсірілсе, дербес деректердің қалай сақталатынын да сұрады. Ғалымжан Шәріпбаевтың айтуынша, жаңа жүйе адамның фотосын сақтамайды, тек жолаушылардың санын ғана тіркейді.
Астанадағы автобустарда билетсіз жолаушыларды анықтайтын жүйе іске қосылды
© Sputnik / Санат Имангалиев
"Біз дербес деректерді қорғаудың маңыздылығын түсінеміз және барлық деректердің заңнамаға қатаң сәйкес өңделуін қамтамасыз етеміз. Жүйе тек жолаушыларды санау және ықтимал тәртіп бұзушылықтарды анықтау үшін ғана қолданылады", - деді Шәріпбаев.
Болашақта осы жүйе автобустағы қауіпті жағдайларды да анықтай алады. Мәселен, салонда отырған жолаушылардың барлығы бір мезетте алға қарай тым жылдам иіліп кетті, жүргізуші тежегішті кенеттен басқан, я болмаса, алдындағы көлікті соқты делік. Камералар соның барлығын тіркеп, мамандарға жолдап отырады. Сонда жол ережесін сақтамайтын автобус жүргізушісіне қатысты шара қолданылады. Осы жүйе арқылы қалта ұрыларын да анықтауға мүмкіндік бар.
"Біз қалта ұрыларына немесе ниеті арам адамдарға тән мінез-құлық үлгілерін тануға қабілетті алгоритмдерді әзірлеп жатырмыз. Ал жүйенің дәлдігін жақсарту мақсатында белсенді жұмыс істеп, оны жақын арада әртүрлі маршруттарда сынап көруді, сондай-ақ жол ақысын төлеу жүйесімен біріктіруді жоспарлап отырмыз", - деп атап көрсетті Шәріпбаев.